Асанәлі Жанатұлы: «Мен үшін Құрылтай – қазақ халқының ғасырлар бойғы дәстүрінің жалғасы»

Тамыз айының соңында Қазақстанда тағы бір тарихи оқиға орын алады. Елде Құрылтай депутаттарының сайлауы өтіп, 23 тамыздан бастап Құрылтай ресми түрде еліміздің жаңа жоғары өкілді және заң шығарушы органына айналады. Осыған байланысты жастар атынан Kozybayev University студенттік үкіметінің президенті Асанәлі Жанатұлы пікір білдірді, деп хабарлайды QZ News тілшісі.
Жас көшбасшының айтуынша, ең алдымен Құрылтайдың ел мен халық үшін рухани әрі тарихи маңызы зор.
«Мен үшін Құрылтай – жай ғана жаңа мемлекеттік институт емес, қазақ халқының ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан дәстүрінің заңды жалғасы. Ерте заманнан бері Құрылтайда ел тағдырын айқындайтын маңызды шешімдер қабылданған. Бүгінде бұл идея жаңа Конституция аясында жаңаша мазмұнға ие болып, ең басты қағидат – халық өкілдігі сақталды», – деді ол.
Қазақстанның жоғары өкілді органының құрамын қалыптастыру мәселесіне тоқталған Асанәлі Жанатұлы оның құрамына түрлі сала мамандары енуі қажет екенін айтты. Оның пікірінше, Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша мемлекеттік айыптаушы болған прокурор Айжан Аймағанова кандидатурасы ерекше назар аударуға лайық.
«Мұндай азаматтар жүйені ішінен жақсы біледі, бар мәселелерді терең түсінеді және шын мәнінде тиімді шешімдер ұсына алады. Нақты айтқанда, Айжан Аймағанова – «Заң және Тәртіп» қағидатының жарқын үлгісі», – деді ол.
Сонымен қатар ол заңдардың қоғам үшін қабылданатынын, сондықтан оларды талқылауға әртүрлі мамандық иелері мен өмірлік тәжірибесі мол азаматтардың қатысуы маңызды екенін атап өтті.
«Заң қоғам үшін жасалады. Демек, оны талқылауға сан алуан мамандық иелері мен өмірлік тәжірибесі әртүрлі адамдар қатысуы тиіс. Нағыз халықтық өкілдіктің мәні де осында. Сонымен бірге мен кәсіби парламент идеясын қолдаймын. Әрине, әлемдік тәжірибеде депутат болған танымал спортшылар, өнер адамдары және басқа да медиа тұлғалар бар», – деді сұхбат беруші.
Асанәлі Жанатұлы алдағы Құрылтай сайлауының жастар үшін маңызына да тоқталды. Оның айтуынша, жас буын енді саяси үдерістерді сырттай бақылаушы ғана емес, олардың толыққанды қатысушысына айналып келеді.
«Әсіресе, қазіргі сайлау науқаны жастардың жоғары белсенділігін көрсетіп отырғаны қуантады. Саяси партиялардың басым бөлігі жастарға сенім артып отыр, бұл – дұрыс қадам. Менің ойымша, Құрылтай кәсіби мамандарды, жастарды және түрлі сала өкілдерін біріктіруі тиіс. Сонда ғана қабылданатын шешімдер бүкіл қоғамның мүддесін білдіріп, Әділетті Қазақстанның болашағына қызмет етеді», – деді Kozybayev University студенттік үкіметінің президенті.
