ОСК мүшелері Құрылтай сайлауына өңірлердің дайындығын тексереді

Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров осы аптадан бастап ОСК мүшелері өңірлерге инспекциялық сапарларға шығатынын мәлімдеді, деп хабарлайды QZ NEWS Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.
Орталық сайлау комиссиясының өкілдері алдағы Құрылтай депутаттарының сайлауына дайындық деңгейін бағалау үшін еліміздің барлық облыстары мен республикалық маңызы бар қалаларын аралайды.
«Бүгіннен бастап учаскелік сайлау комиссиялары өз жұмысына кірісті. Еліміз бойынша 10 мың 400-ден астам сайлау учаскесі ашылды. 4–17 тамыз аралығында Орталық сайлау комиссиясының мүшелері мен аппарат қызметкерлерімен бірге еліміздің барлық 20 өңіріне инспекциялық сапар жасаймыз. Оның барысында сайлау учаскелерінің дайындығы, материалдық-техникалық жабдықталуы, сайлаушыларды ақпараттандыру жұмыстарының ұйымдастырылуы және call-орталықтардың қызметі бағаланады», – деді Нұрлан Әбдіров.
ОСК төрағасының айтуынша, аумақтық сайлау комиссияларының жұмысына, сондай-ақ сайлау комиссиялары мүшелерін оқыту барысына ерекше назар аударылады.
Сонымен қатар ол 7 тамыздан бастап әрбір сайлаушы дауыс беруге құқығы бар азаматтардың тізімінен өзінің деректерін тексере алатынын еске салды. Егер мәліметтерге өзгеріс енгізу қажет болса, азаматтар учаскелік сайлау комиссиясына жүгіне алады. Мұндай өтініштер түскен күні қаралады.
Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, сайлаушылар тізіміне 12 миллион 605 мың 788 азамат енгізілген.
Бұған дейін ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров Құрылтай сайлауы қарсаңында студенттердің тізімдерін нақтылауды тапсырған болатын.
Сондай-ақ ОСК отырысында 23 тамызға белгіленген Құрылтай депутаттарының сайлауына арналған дауыс беру бюллетенінің үлгісі таныстырылды.
Еске салайық, Құрылтай депутаттарының сайлауы 23 тамызға белгіленген. Дауыс беру барысында қазақстандықтар бес жыл мерзімге сайланатын 145 Құрылтай депутатын таңдайды. Орталық сайлау комиссиясы жеті саяси партия ұсынған партиялық тізімдерді тіркеді. Бір депутаттық орынға шамамен төрт кандидаттан келеді. 23 шілде күні сағат 18:01-де саяси партиялардың сайлауалды үгіт-насихат науқаны басталып, барлық жеті партия өздерінің сайлауалды штабтарын ашты. Сонымен қатар ОСК сайлау бюллетеніндегі партиялардың орналасу тәртібін айқындап, сайлау күні сақталуы тиіс маңызды талаптарды тағы бір мәрте еске салды.
