Владимир Витченко: «Әрбір азаматтың сайлауға қатысуы – елдің дамуы мен бірлігін нығайтуға қосқан үлесі»

Алдағы Құрылтай депутаттарының сайлауы Қазақстанның қоғамдық-саяси дамуындағы маңызды кезеңдердің бірі болмақ. Бұл – азаматтардың қоғам мүддесін қорғайтын өкілдерді таңдап, елдің дамуындағы өзекті мәселелерді талқылауға және әр өңірдің болашағына қатысты ұсыныстар енгізуге мүмкіндік беретін маңызды саяси науқан, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
«Қазақстанның орыс, славян және казак ұйымдары қауымдастығы» ЗТБ Солтүстік Қазақстан филиалының төрағасы Владимир Витченконың пікірінше, азаматтардың сайлауға белсенді қатысуы – мемлекеттің бүгіні мен болашағына деген жауапкершіліктің айқын көрінісі.
«Құрылтай – түрлі пікірлер, ұсыныстар мен бастамалар айтылатын ашық алаң ретінде құрылғалы отыр. Сондықтан депутаттардың халық сеніміне ие, өңірлердің тыныс-тіршілігін жақсы білетін әрі қоғам игілігі үшін еңбек етуге дайын азаматтар болуы аса маңызды. Әрбір азаматтың сайлауға қатысуы – еліміздің дамуы мен бірлігін нығайтуға қосқан үлесі деп есептеймін», – деді Владимир Витченко.
Оның айтуынша, қоғамдық бірлестіктер күн сайын әртүрлі жастағы, түрлі ұлт пен кәсіп өкілдерімен тығыз жұмыс істейді. Сондықтан олар тұрғындардың сұранысын жақсы түсінеді және ашық диалогтың, өзара құрметтің әрі өзекті мәселелерді бірлесіп шешудің маңызын айқын сезінеді.
«Біздің қызметіміз әрдайым ұлтаралық келісімді нығайтуға, Қазақстан халқының тарихына, салт-дәстүріне және мәдени мұрасына құрметпен қарау қағидаттарына негізделген. Бұл құндылықтар қоғамдық бірлікті нығайтады. Сондықтан олар болашақ Құрылтай депутаттарының жұмысында да көрініс табуы тиіс. Сайлауға қоғамның қатысуы неғұрлым кең болса, халық пен олардың мүддесін қорғайтын өкілдер арасындағы байланыс соғұрлым берік болады», – деп атап өтті ол.
Сондай-ақ Владимир Витченко азаматтық қоғамның дамуы адамдардың қоғамдық маңызы бар үдерістерге белсенді қатысуынсыз мүмкін емес екенін айтты. Оның пікірінше, алдағы сайлау – әр азаматтың өз ұстанымын заңды әрі демократиялық жолмен білдіруіне берілген тағы бір мүмкіндік.
«Бүгінде Қазақстан сенімді түрде дамып келеді. Бұл бағыт мемлекет пен қоғам арасындағы тұрақты диалогпен қатар жүруі маңызды. Болашақта қабылданатын шешімдердің тиімділігі азаматтардың белсенділігіне тікелей байланысты. Алдағы сайлау жоғары деңгейде ұйымдастырылып, оның қорытындысы ел мен халық игілігі жолындағы сындарлы жұмыстың берік негізіне айналады деп сенемін», – деді Владимир Витченко.
