2025-2026 жаңа оқу жылында СҚО-да 74 мыңнан астам бала мектепке барады

Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күндер қалды. Мектептер оқушыларды қабылдауға қызу дайындық жүргізіп жатыр. Қандай өзгерістер болатыны, партаға қанша бала отыратыны және мектеп формасының қандай болатыны туралы СҚО Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте білім басқармасы басшысының орынбасары Татьяна Протопопова айтып берді, деп хабарлайды QZ NEWS.
Биыл 1 қыркүйек демалыс күніне сәйкес келетіндіктен, сабақтар ресми түрде 2 қыркүйекте басталады. Облыстың 444 мектебінде 74 мыңнан астам оқушы білім алады. Алғаш рет мектеп табалдырығын 6 428 бірінші сынып оқушысы аттайды.
«279 елді мекеннен 3 007 балаға мектепке жеткізу ұйымдастырылады. Автопарк 8 жаңа көлікпен толықты. Оқу жылының ұзақтығы – 34 апта: 1-тоқсан – 8 апта (каникул 2025 жылғы 27 қазаннан 2 қарашаға дейін). 2-тоқсан – 8 апта (каникул 2025 жылғы 29 желтоқсаннан 2026 жылғы 7 қаңтарға дейін). 3-тоқсан – 10 апта (каникул 2026 жылғы 19-29 наурыз аралығы). 1-сынып оқушылары үшін қосымша каникул 2026 жылғы 9-15 ақпан аралығында болады. 4-тоқсан – 8 апта», – деді Татьяна Протопопова.
1 тамыздан басталған «Мектепке жол» республикалық акциясы аясында әлеуметтік осал топтағы отбасыларға көмек көрсетілуде.
«Бүгінгі таңда облыста табысы төмен отбасыларда 8 мыңнан астам бала тұрады, оның ішінде 894-і атаулы әлеуметтік көмек алушылар. «Мектепке жол» акциясы аясында әр балаға киім мен оқу-құралдарын алуға 46 228 теңге көлемінде бір реттік көмек қарастырылған. Қазіргі кезде 6 631 балаға (76%) жалпы 306,4 млн теңге көлемінде материалдық көмек көрсетілді», – деп атап өтті спикер.
СҚО білім басқармасы басшысының орынбасары мектеп формасына қойылатын талаптар өзгермегенін де еске салды. Ол білім берудің зайырлы сипатына сәйкес болуы тиіс, діни киім элементтерін қосуға жол берілмейді. Ата-аналар форманы қайдан сатып алуды өздері таңдай алады.
