25 жыл түрмеде отырған қазақстандық қайтадан бас бостандығынан айырылды

Петропавлда 2024 жылы 25 жыл түрмеде отырғаннан кейін бостандыққа шыққан 62 жастағы ер адамға қатысты жаңа сот үкімі шықты. Ол әйелге шабуыл жасағаны үшін кінәлі деп танылып, тоғыз жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды QZ NEWS Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Әңгіме 62 жастағы Валерий Кричиневский туралы болып отыр. 1990 жылдардың соңында ол Петропавлда әйелдерге шабуыл жасап, «балта ұстаған маньяк» ретінде танылған.
«Кричиневскийдің құрбандарының бірі бірінші сынып оқушысы болған. Оның денесі 1998 жылғы 19 желтоқсанда орман жолағынан табылды. Қыз мектептен кейін үйіне келуі керек болған, алайда үйіне оралмаған. Ата-анасы іздеуге шығып, полицияға хабарласқан. Орман жолағын тексеру кезінде қызметтік із кесуші ит алдымен мектеп сөмкесін, кейін қар астына жасырылған, басы жарылған және 13 жерінен пышақ жарақаты салынған қыздың денесін тапты. Оның үйіне дейін небәрі 400 метр қалған еді», – деп бұған дейін СҚО ішкі істер органдарының ардагері Игорь Семенов айтып берген.
Жеті жасар қыздың өлімінен бөлек, Кричиневскийдің жасаған 11 зорлық-зомбылықпен жасалған қарақшылық шабуылы бар. Оның барлық құрбаны – 20-дан 60 жасқа дейінгі әйелдер. Олар түрлі жарақат алғанымен, аман қалған.
«Кричиневский үнемі үйінен кенеп қапқа балта салып шығып, құрбандарын қала шетіндегі жерлерде, саяжайларға баратын жолдарда және жеке сектор маңындағы адам аз жүретін көшелерде аңдыған. Ол құрбандарына ешқашан алдынан жақындамаған. Артынан білдіртпей келіп, балтаның сабымен басынан ұрған, кейін тонап, зорлаған. Кричиневскийдің үйін тінту кезінде құрбандарынан шешіп алған алтын әшекейлер мен аң терісінен тігілген бас киімдерден бөлек, жұмсақ ойыншық пен өзі өлтірген қыздың тоншығынан тігіп жасалған үй аяқ киімі табылған. Ол бұл заттарды да қылмыс кезінде тапқан басқа дүниелер сияқты әйеліне сыйлаған», – деді Игорь Семенов.
1999 жылы бұған дейін ұрлық, көлік ұрлау және басқа да қылмыстары үшін екі рет сотталған Кричиневский қарақшылық, зорлау, тонау және баланы өлтіру қылмыстары үшін 25 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын толық өтеп, 2024 жылдың қаңтарында бостандыққа шыққан.
Оның түрмеден босатылуы қоғамда үлкен алаңдаушылық туғызды. Петропавл тұрғындары оның қоғам үшін әлі де қауіпті екенін және әйелдер мен балаларға қайтадан шабуыл жасауы мүмкін екенін айтып, алаңдады.
СҚО полициясы бұған дейін Кричиневскийдің бостандыққа шыққаннан кейін Петропавлға келгенін, әлеуметтік бейімдеу орталығына орналастырылғанын және полицияның профилактикалық есебіне «әкімшілік бақылаудағы тұлға» санаты бойынша алынғанын хабарлаған.
Сот оның жүріп-тұруына шектеу қойып, коменданттық сағат белгіледі. Оған қаладан шығуға, алкоголь мен есірткі қолдануға, сондай-ақ көңіл көтеру орындарына баруға тыйым салынды. Бұл талаптардың сақталуы электронды білезік арқылы бақыланды.
Оның деректері кәмелетке толмағандардың жыныстық қолсұғылмаушылығына қарсы қылмыс жасаған тұлғаларды есепке алу картасына енгізілді. Полиция тіпті оның әр қадамын бақылауда ұстайтынын мәлімдеген. Алайда 2026 жылғы маусымда ол қайтадан шабуыл жасаған.
Іс материалдары мен жәбірленушінің айтуынша, Петропавл қаласының 54 жастағы тұрғыны күндіз қала шетіндегі саяжайдан қайтып келе жатқан. Жолда егде жастағы ер адам оны тоқтатып, өзі іздеп жүрген сиырды көрген-көрмегенін сұраған. Әйел тоқтаған кезде ер адам оны жерге құлатып, тұншықтыра бастаған. Жәбірленушінің айтуынша, сол сәтте оның көзі «жыртқыш аңның көзіндей» болған.
Шабуыл жасаған адам қолын босатқан кезде әйел орнынан тұрып, қашуға тырысқан. Алайда ер адам оны қуып жеткен. Егер кездейсоқ өтіп бара жатқан адам шабуылдаушыны алаңдатпағанда, оқиғаның немен аяқталары белгісіз еді. Ер адамға назар аударылған сәтте әйел велосипедке отырып, тасжолға қарай қашып кеткен. Сол жерде ол көлікті тоқтатып, жүргізушіден полиция шақыруды сұраған.
Күдікті екі сағаттың ішінде ұсталды. Оның сыртқы келбеті жәбірленушінің сипаттамасына сәйкес келген, ал электронды білезіктен алынған деректер оның сол жерде болғанын растаған.
Кричиневскийдің ісін Петропавл қалалық соты жабық режимде қарады. Ол адам өлтіру қаупін төндіре отырып, сексуалдық сипаттағы зорлық әрекеттерін жасауға оқталды деп айыпталған.
7 қыркүйекте судья Тахмина Собирова үкім шығарды.
«Сот үкім етті: Валерий Евгеньевич Кричиневский кінәлі деп танылсын. Оның әрекеттерінде қылмыстың қауіпті қайталануы бар деп танылсын. Қылмыстық-атқару жүйесінің барынша жоғары қауіпсіздік мекемесінде өтеу үшін тоғыз жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын», – деп үкімнің қарар бөлігін жариялады судья Собирова.
Айта кетейік, бұл қылмыс үшін көзделген ең жоғары жаза. Сондай-ақ сотталушы өз кінәсін мойындамағаны белгілі болды. Ол әйелді тек тонамақ болғанын, яғни оның ақшасы мен телефонын алғысы келгенін айтып, өзіне тағылған айыппен келіспеген.
