Әйелдер істері жөніндегі ұлттық комиссия Тайынша ауданына барды

Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшелері жұмыс сапарымен Солтүстік Қазақстан облысына келді. Делегация Тайынша ауданындағы бірқатар әлеуметтік және медициналық мекемелерді, соның ішінде Отбасы қолдау орталығын және Тайынша көпсалалы ауданаралық ауруханасын аралады, деп хабарлайды QZ NEWS.
Сапар барысында жасөспірімдер мен жастардың репродуктивті денсаулығы, ерте жүктіліктің алдын алу мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Басты іс-шара ретінде «Күш біріктіре отырып – жасөспірімдер мен жастардың репродуктивті денсаулығын сақтаймыз» тақырыбындағы семинар өтті. Оған орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың өкілдері, үкіметтік емес ұйымдар, облыс әкімінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі өңірлік комиссия мүшелері, сондай-ақ өңірдің медициналық және білім беру мекемелерінің мамандары қатысты.

Сапардың мақсаты – отбасы және гендерлік саясатты іске асыруда ынтымақтастықты нығайту, тәжірибе алмасу, сондай-ақ өңірде ананы және баланы қолдау бастамаларын дамыту.
