Америкалық ғалымдар Kozybayev University-де жұмыс істеу үшін Петропавлға келді

Kozybayev University Аризона университетімен стратегиялық әріптестікті нығайтып, тек білім беру ғана емес, ғылыми байланыстарды да кеңейтуді жалғастыруда. Осы аптада Қазақстанға АҚШ-тың жетекші ғалымдары – микробиология саласының маманы Чарльз Герба және палеоклимат бойынша маман Ирина Панюшкина іссапармен келді, деп хабарлайды QZ NEWS.
Университеттің баспасөз қызметінің хабарлауынша, америкалық профессорлар Агротехнологиялық факультет ғалымдарымен бірлесіп АҚШ Ауыл шаруашылығы министрлігі (USDA FAS) қаржыландыратын ірі жобаны жүзеге асыруда.

«Ғалымдар Солтүстік Қазақстан облысындағы фермерлер қолданатын әртүрлі көздерден алынған суармалы судың сапасын бағалап, суармалы судағы микробиологиялық тәуекелдерді анықтап, басқаруға арналған әдістемелік ұсынымдар мен цифрлық құрал әзірледі. Зерттеулер бір жарым жыл бойы жүргізілді», – делінген хабарламада.

Апта бойы профессорлар Герба мен Панюшкина ғалымдарға кеңес беріп, университеттің Ғылым департаментімен ынтымақтасып, қос дипломды бағдарламалар студенттерімен кездеседі.
