АҚШ азаматы 43 жасында қос диплом бағдарламасы бойынша Kozybaev University студенті атанды

Kozybaev University-ге оқуға түсу үшін АҚШ-тан арнайы Илья Кушнирский келді. Жасына қарамастан (оған 43 жаста), ол білім алуға және біліктілікті арттыруға ешқашан кеш емес деп есептейді, деп хабарлайды QZ NEWS.
Университеттің баспасөз қызметі хабарлағандай, Нью-Йорк тумасы Илья Кушнирский соңғы екі жыл бойы Санкт-Петербургте клиникалық психология бойынша қайта даярлаудан өткен.
– Алматыда өткен бір семинар кезінде Қозыбаев атындағы университет туралы білдім. Ұзақ уақыт бойы Америкада тұрдым, бірақ екі диплом алу мүмкіндігі мені қатты қызықтырды. Сол себепті дәл осы университетті таңдадым, – дейді талапкер.
Ол «Білім беру психологиясы» мамандығы бойынша қос диплом бағдарламасына түсіп отыр. Шетелдік студент ретінде Илья ақылы негізде білім алады. Алайда ол бұл шешімді қаржылық тұрғыдан тиімді деп санайды. Мысалы, Аризона университетінің Тусон қаласындағы кампусында оқу құны жылына шамамен 40 000 доллар болса, Kozybaev University-де бұл көрсеткіш әлдеқайда төмен.

Қазіргі таңда Kozybaev University-де әлемнің 16 елінен келген студенттер білім алуда. Аризона университетімен бірлескен бағдарлама шетелдік талапкерлер үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашуда.
