Ақтаудан келген маман петропавлдық гинекологтарға шеберлік сағатын өткізді

Көпбейінді қалалық жедел медициналық көмек ауруханасында екі күн бойы «Tips and Tricks: гинекологиядағы эндоскопиялық хирургия» тақырыбында практикалық шеберлік сағаты өтті, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
Шараға Ақтау қаласынан шақырылған акушер-гинеколог, медицина магистрі Нұрлан Жәкиев қатысты. Маманың заманауи гинекологиялық хирургия және эндоскопиялық операциялар жүргізу саласында мол практикалық тәжірибесі бар.
Аурухана дәрігерлері үшін шеберлік сағаты заманауи тәсілдермен танысып қана қоймай, тікелей операциялық бөлмеде практикалық дағдыларды меңгеруге мүмкіндік берді. Медицина мамандары хирургиялық араласу барысын бақылап, операцияларға тікелей қатысып, емдеу тактикасы мен түрлі хирургиялық процедураларды орындау ерекшеліктерін талқылады.
Кәсіби тәжірибе алмасуға ерекше көңіл бөлінді. Екі күндік жұмыс барысында мамандар нақты клиникалық жағдайларды талдап, емдеу әдістерін таңдау және гинекологияда эндоскопиялық технологияларды қолдану ерекшеліктерін талқылады.
Мұндай практикалық кездесулер дәрігерлерге тәжірибе алмасуға, кәсіби дағдыларын жетілдіруге және хирургиялық араласуларды жүргізудің заманауи тәсілдерімен танысуға мүмкіндік береді.
