«Ауыл әйелдері – ел мақтанышы»: СҚО-да әйелдер кәсіпкерлігін қолдау форумы өтті

Явленка ауылында Есіл ауданындағы әйел-кәсіпкерлердің алғашқы форумы «Ауыл әйелдері – ел мақтанышы» ұранымен өтті, деп хабарлайды QZ NEWS.
Шараны аудан әкімдігі мен «Ауыл» партиясының облыстық филиалы «Атамекен» ҰКП-ның қолдауымен ұйымдастырды. Форум түрлі буын мен саладағы әйелдерді – өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен ауыл еңбеккерлерінен бастап еңбек ардагерлері мен табысты кәсіпкер әйелдерді біріктірді. Қатысушылар қатарында орталық және өңірлік мемлекеттік органдардың өкілдері, «Ауыл» партиясының басшылығы, қоғам қайраткерлері мен сарапшылар болды.

Форумның мақсаты – әйелдер кәсіпкерлігін қолдау, ұрпақтар сабақтастығын нығайту және дәстүрлі құндылықтарды дәріптеу.

Есіл ауданының әкімі Мереке Мұхамедьяров құттықтау сөзінде әйелдердің «қоғамды түрлендіре алатын өзгерістер көшбасшысы, шабыттандырушы жасампаздар» екенін атап өтті.
Өз ой-пікірлерін және бастамаларын ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі, «Ауыл» партиясы Орталық аппараты басшысының орынбасары, «Мейірім құшағы» комиссиясының төрайымы Айгерім Сарсенбаева, сондай-ақ «Ауыл» партиясының СҚО филиалының төрағасы Қайрат Пішенбаев бөлісті.
Іс-шара аясында қатысушылар жергілікті кәсіпкер әйелдердің өнімдері қойылған көрмеге және әйел-көшбасшылардың фотогалереясына бара алды. Сонымен қатар «Атамекен» ҰКП сарапшыларынан кеңестер беріліп, бизнес-ледилер арасында тәжірибе алмасу ұйымдастырылды.

Білім беру бағдарламасына да ерекше көңіл бөлінді. Ол өзекті тақырыптар бойынша тренингтерді қамтыды:
- «Қазіргі әлемдегі жасанды интеллект: жаһандық сын-қатерлер мен ауылдық өңірлер үшін мүмкіндіктер»
- «Шешендік өнер және коммуникация құпиялары»
- «Жеке бренд және заманауи әйел-көшбасшы бейнесі»
