Ауыл таланттарының гала-концерті: Ғабит Мүсірепов ауданы гран-при иегері атанды

Петропавл қаласының күніне орай «Ауылдың үздік мәдениет мекемесі-2025» атағы үшін өткен облыстық көркемөнерпаздар байқауының гала-концерті өтті. Шараға облыс басшылығы, қоғам өкілдері, аудан әкімдері мен қала тұрғындары қатысты, деп хабарлайды QZ News.
Концерт барысында ауылдық өнерпаздардың үздік өнер ұжымдары вокалдан бастап хореография мен аспаптық өнерге дейінгі түрлі жанрларда өз шеберліктерін паш етті. Олар ауыл – ұлттың бесігі екенін, мұнда еңбекқор әрі дарынды жандардың өмір сүретінін дәлелдеді.

Марапаттау рәсіміне ҚР Сенаты төрағасының орынбасары Ольга Перепечина мен Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов қатысты. Байқау қорытындысы бойынша бас жүлде – гран-при мен басты сыйлық – шағын автобус Ғабит Мүсірепов ауданына бұйырды.

Өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов бұл байқау мен гала-концерт қайта жаңғырған дәстүрге айналғанын және алдағы уақытта жыл сайын өткізіліп тұратынын атап өтті.

– Біз бұл байқауды жыл сайын ұйымдастырып тұрамыз. Мақсат – ауыл таланттарын қолдап, елді мекендердегі шығармашылық әлеуетті ашу. Өнерпаз ұжымдар – мұғалімдер, механизаторлар мен қарапайым ауыл тұрғындары – ауыл мәдениетінің дамуына үлкен үлес қосып отыр, – деді СҚО әкімі.

Бұл байқау тәжірибе алмасу мен шабыт алаңы болумен қатар, ауыл тіршілігінің жанданғанын, оның белсенді дамып, облыстың мәдени өмірінде маңызды рөл атқаратынын айқын көрсетті.
