Петропавловск
+21°C
Главная страница » CҚО » Еңбек ауылында кәсіпкердің қаржысына жаңа мектеп ашылды

Еңбек ауылында кәсіпкердің қаржысына жаңа мектеп ашылды

October 20, 2025 20:18

Есіл ауданының Еңбек ауылында 50 орындық жаңа бастауыш мектеп ашылды. Білім ордасының ашылуына облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов қатысты, деп хабарлайды QZ NEWS.

Облыс әкімі әлеуметтік желідегі жазбасында бұрын ауыл балаларына білім алу үшін күн сайын көрші елді мекендерге баруға тура келгенін атап өтті.

«Енді бұл мәселе шешімін тапты. Мектеп жергілікті кәсіпкер, «Бай Еңбек» ЖШС-нің басшысы Қайырбек Қожасовтың қаржысына салынды. Жалпы инвестиция көлемі – 350 миллион теңге. Бұл – бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі мен туған ауылдың дамуына қосқан зор үлесінің айқын мысалы», – деп жазды Ғауез Нұрмұхамбетов.

Сондай-ақ өңір басшысы Мальцево ауылында болып, онда ұялы байланыс мұнарасын орнату жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты. Бұл жоба да жергілікті кәсіпкердің жеке қаражаты есебінен жүзеге асуда. Қазіргі таңда облыстың 12 елді мекенінде ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің қолдауымен мобильді байланыс қамтамасыз етілген.

«Бұл – бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің және ауылдың дамуына қосқан нақты үлесінің көрінісі. Сонымен қатар, ауылдағы цифрлық қолжетімділікті арттыру мен өмір сапасын жақсартуға бағытталған маңызды қадам», – деді СҚО әкімі.

Бұдан бөлек, Покровка – Ильинка – Мектеп ауылдарын байланыстыратын автожолда күрделі жөндеу жұмыстары белсенді жүргізілуде. Жобаның 4-шақырымдық бөлігінде жаңа автокөлік көпірі салынып жатыр. Бұрынғы көпір апатты жағдайда болғандықтан, жол қауіпсіздігіне елеулі қатер төндіріп, көлік қатынасының үздіксіздігін жиі бұзып отырған.

«Осыған байланысты жыл бойы қауіпсіз және тұрақты қозғалысты қамтамасыз ету үшін жаңа көпір салу туралы шешім қабылданды. Жол учаскесінің жалпы ұзындығы – 7 шақырым. Биылдың соңына дейін көпір арқылы уақытша қозғалыс ашу жоспарланып отыр. Жобаны толық аяқтау келесі жылға жоспарланған», – деп атап өтті Ғауез Нұрмұхамбетов.

Shares