ФОК им.Құлсары батыр Явленкадағы ауыл тұрғындары арасында танымал
«AMANAT» партиясы Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының атқарушы хатшысы Жеңіс Асанов, облыстық «Qyzyljar» телеарнасының директоры Разия Ыдырысбаева жұмыс сапарымен Есіл ауданына барды, деп хабарлайды QZ News.
Ең алдымен олар «Еңбек» бағдарламасымен Есіл ауданына қоныс аударған отбасымен кездесіп, танысып қайтты. Бүгінде аталған бағдарламамен көшіп барған ағайынның жағдайы жаман емес. Дені жұмысқа орналасып, өз ісін дөңгелетіп келеді.
Кейін Жеңіс Мұхтарұлы осыдан екі жыл бұрын ашылған Құлсары батыр атындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде болды. Нысан таңнан кешке дейін жұмыс істейді. Балалар футзал, қазақ күресі сынды бірнеше үйірмеге қатысады. Бір сөзбен айтқанда бар жағдай қарастырылған.
Бұдан соң, атқарушы хатшы сабын шығаратын шағын цехтың жұмысымен танысты. Аталған кәсіпорынды жергілікті тұрғындар іске асырған. Бүгінде олардың өнімдері Петропавл, Көкшетау, Астана қалаларында сұранысқа ие.
Содан кейін Жеңіс Мұхтарұлы “AMANAT” партиясы Есіл аудандық филиалының партиялық активінің кеңейтілген отырысына қатысты. Алқалы жиын барысында партияның өңірлік филиалының 2024 жылы атқарған жұмыстарына тоқталып, баяндама жасады.