Ғауез Нұрмұхамбетов Қызылжар ауданының жаңа әкіміне негізгі тапсырмаларды жүктеді

СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Қызылжар ауданы активіне ауданда алғаш рет өткен тікелей сайлау нәтижесінде сайланған жаңа әкім – Бейбіт Исмановты таныстырды, деп хабарлайды QZ NEWS.
Сайлауға 17 мыңнан астам тұрғын қатысып, Бейбіт Исманов 11 771 дауысқа ие болды.
Бейбіт Исманов 1971 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Еңбек жолын ПМК жұмысшысы болып бастаған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін «Автомобильдер және автомобиль шаруашылығы» мамандығы бойынша, Мәскеу қаласындағы Заманауи гуманитарлық институтын «Құқықтану» мамандығы бойынша, Ресей Федерациясы Президенті жанындағы Халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясын «Мемлекеттік және муниципалдық басқару» мамандығы бойынша магистратураны тәмамдаған. Тағайындалғанға дейін Қызылжар ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.

Қызылжар ауданы активімен кездесуде СҚО әкімі Бейбіт Исмановқа бірқатар тапсырма жүктеді. Ауданның аграрлық саласында орақ науқанын барлық агротехникалық мерзімдерді сақтай отырып, уақтылы және ұйымдасқан түрде өткізу, астықтың сақтау жағдайын бақылау, үлескерлерге дивидендтерді толық әрі уақытылы төлеу, жерді өз бетінше басып алу мен заңсыз пайдалану фактілерін қатаң қадағалау, АӨК-те инвестициялық жобаларды, соның ішінде сүт-тауарлы фермалар құрылысын жүзеге асыру, АӨК бойынша барлық нысаналы көрсеткіштерді орындау, тұқым жаңарту, ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту және келесі маусымға дайындық жұмыстарын жалғастыру қажет.
«Экономиканың барлық саласына, әсіресе тамақ өнеркәсібі мен туризмге инвестиция тартуды белсенді жүргізу. Елді мекенішілік және аудандық жолдардың жөндеу жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтау. Жолдардың жағдайын тұрақты бақылауда ұстау. Ауданды жылыту маусымына уақтылы және сапалы дайындау. Чапаево, Тепличное және Бескөл ауылдарында сумен жабдықтау жобаларын жеделдету. «Таза Қазақстан» жобасы аясында аудан елді мекендерін абаттандыру және санитарлық тазалау жұмыстарын қамтамасыз ету», – деп атап өтті СҚО әкімінің баспасөз қызметі.

Сондай-ақ Тепличное және Прибрежное ауылдарында қорғаныс бөгеттерінің құрылысын мерзімінде аяқтау, тиісті басқармалармен бірлесіп, медицина қызметкерлерінің тапшылығы мәселесін шешу тапсырылды.
