Ғауез Нұрмұхамбетов СҚО-ның 40-тан астам ұстазына марапат табыстады

С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрында Мұғалімдер күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Мерекелік жиында өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов білім беру саласының өкілдерін құттықтап, өз кәсібіне адалдығы мен жанқиярлық еңбегі үшін лайықты марапаттарды табыстады, деп хабарлайды QZ NEWS.
Өз сөзінде облыс әкімі ұстаздардың ел болашағын қалыптастырудағы ерекше рөліне тоқталды.

«Мұғалім – ол басты тәлімгер, білімге жол ашатын, болашақ ел азаматтарын тәрбиелейтін тұлға. Оның еңбегіне мемлекеттің тағдыры байланысты, – деді СҚО әкімі Мемлекет басшысының сөзін келтіріп. – Педагогтардың еңбегі – өңір мен елдің мықты әрі тұрақты болашағының негізі. Олардың көзіндегі нұр – кәсібіне деген адалдық пен болашаққа сенімнің көрінісі. Барлық ұстаздарға күнделікті еңбектері мен шәкірттеріне деген сенімі үшін алғыс білдіремін!».
Бүгінде өңірде 16 мыңнан астам педагог еңбек етуде. Облыстың білім беру жүйесі тұрақты өсім көрсетіп отыр: заманауи технологиялар, соның ішінде жасанды интеллект элементтері белсенді енгізілуде, ал жергілікті мектептер ел бойынша үздіктер қатарынан тұрақты орын алуда.

Ғауез Нұрмұхамбетов барлық жетістіктер ұжымдық еңбектің және ұстаздардың жоғары кәсібилігінің нәтижесі екенін атап өтті. Сондай-ақ әкім салтанатты түрде педагогтарға ұзақ жылғы жемісті еңбектері үшін марапаттар тапсырды.
Жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеудегі айрықша жетістіктері үшін 5 педагог «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісімен, 11 ұстаз «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен, 14 мұғалім «Еңбек ардагері» медалімен, 10 педагог «Мағжан Жұмабаев» төсбелгісімен марапатталды. Тағы 11-ге жуық мұғалім облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттарын иеленді.

Мереке соңы өңірдің танымал өнер ұжымдарының қатысуымен өткен концерттік бағдарламаға ұласты.

