Петропавловск
+21°C
Главная страница » CҚО » Kozybaev University-де 23 жаңа білім беру бағдарламасы талқыланды

Kozybaev University-де 23 жаңа білім беру бағдарламасы талқыланды

October 15, 2025 10:09

Kozybaev University-де «Солтүстік Қазақстан облысының жаңа мамандықтар атласы» атты форсайт-сессия өтті. Онда жаңа білім беру бағдарламаларын енгізу бастамасы талқыланды. Іс-шараға ҚР Жоғары білім және ғылым министрлігінің өкілдері, жергілікті атқарушы органдар мен бизнес саласының мамандары қатысты, деп хабарлайды QZ News тілшісі.

Кездесу барысында болашақ мамандықтар мен еңбек нарығынан кетуі мүмкін бағыттар сөз болды. Сондай-ақ қазіргі заман мамандары иеленуі тиіс құзыреттерге ерекше назар аударылды. Сарапшылардың айтуынша, білім беру бағдарламаларын сапалы әзірлеу үшін өңірдің экономикалық жағдайын ескеру маңызды. Бұл әрекет қазіргі бағдарламаларды жетілдіруге де мүмкіндік береді.

Kozybaev University базасында «Мамандығым – болашағым» жобасын жүзеге асыратын аймақтық офис ашылған. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша оның жұмысы 2019 жылдан бастап жаңа мамандықтар мен құзыреттер атласын әзірлеуден басталған. Форсайт-сессияға қатысушыларға ҚР Жоғары білім және ғылым министрі Саясат Нұрбек осы тақырыпта бейнеүндеу жолдады.

«Халық қай бағытта дамып, қандай мамандықтарға сұраныс болатынын, қандай салаларда білім алып, жаңа дағдыларды меңгеру қажеттігін біле алады. Rapid Foresight немесе Skills Technology Foresight әдістемесі бойынша бүгінге дейін 9 салалық және 5 өңірлік жаңа мамандықтар атласы, яғни кадрлық қажеттіліктер картасы әзірленді. Қазір біз үшін өңірлік университеттерді құзыреттер орталығы, өңір экономикасына мамандар даярлайтын хаб ретінде дамыту маңызды», – деді Саясат Нұрбек.

Солтүстік Қазақстан облысының өзекті бағыттары – ауыл шаруашылығы, құрылыс, өнеркәсіп және машина жасау салалары. Kozybaev University-де бүгінде 28 инновациялық білім беру бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр (оның 12-сі 2025 жылы ашылған). Университет дуальды оқыту жүйесін енгізіп, индустриялық PhD докторантура жобасын іске қосты.

«Біздің алдымызда тұрған басты міндет – осындай форсайт-сессиялар, терең талдау мен сұхбаттар нәтижесінде қандай мамандықтарды қалыптастыру, қандай білім беру бағдарламаларын іске қосу қажет екенін анықтау. Сол арқылы түлектеріміз болашақта сұранысқа ие болып, заманауи кәсіпорындарда еңбек ете алуы тиіс», – деді Kozybaev University басқарма төрағасы, ректор Ербол Исақаев.

Форсайт-сессия қорытындысында 23 жаңа білім беру бағдарламасын енгізу мүмкіндігі талқыланды. Өңірде сұранысқа ие мамандықтардың қатарында «жасыл құрылыс» инженері, киберқауіпсіздік және ұшқышсыз ұшу аппараттары саласының мамандары, өндірістегі химиялық заттарды бақылау жөніндегі маман, жасанды интеллект инженері және басқа да бағыттар аталды.

Shares