Kozybayev University-де Қытаймен бірлескен аграрлық орталық құру мәселесі талқыланды

Солтүстік Қазақстан облысына ресми сапары аясында Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Хань Чунлинь мырза Kozybayev University-ге барды. Ол университеттің заманауи аграрлық зертханаларымен, соның ішінде қытайлық әріптестермен бірлесіп ашылған зертханаларымен танысты, деп хабарлайды QZ NEWS.
Университеттің баспасөз қызметінің мәліметінше, іс-шараға СҚО әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұлов және университеттің серіктес компанияларының басшылығы: Aijiu компаниясының төрағасы Цзя Хэй, «Тайынша Май» ЖШС директоры Фан Лунфэй қатысты. Қонақтар университет ғалымдарымен, профессорлық-оқытушылық құрамымен және студенттерімен кездесті.

Сондай-ақ Қазақстан-Қытай бірлескен Өсімдік шаруашылығы зертханасының салтанатты ашылуы өтті. Мұнда өсімдік шаруашылығы өнімдерінің сапалық көрсеткіштерін заманауи стандарттарға сәйкестігін анықтау бойынша зерттеулер жүргізілетін болады.
Басқарма төрағасы – ректор Ербол Исақаев Kozybayev University базасында Қазақстан-Қытай ғылыми аграрлық орталығын құруды ұсынды.
«СҚО – ауыл шаруашылығы аймағы. Шамамен 7 млн гектар жер – егістік пен жайылым. Біз ауыл шаруашылығына инвестиция тарту жолымен жүріп келеміз. Бұл бізге университетіміздің базасында бірлескен ғылыми аграрлық орталық құру туралы бастама көтеруге мүмкіндік береді. Ол СҚО-да ғана емес, бүкіл еліміздің солтүстік аймағында да қазақстандық-қытайлық бірлескен жобаларды қолдауға жол ашады», – деді Ербол Исақаев.

Орталықта халықаралық қолданбалы жобалар жүзеге асырылып, агротехнологияларды трансферлеу мен коммерцияландыру жүргізіледі, қытайлық технологияларды бейімдеуге және жоғары кәсіби кадрларды даярлауға бағытталған бірлескен зерттеулер іске асады.

Хань Чунлинь мырза жобаны қолдады.
«Бұл өте жақсы идея. Себебі бізде қазірдің өзінде бірнеше бірлескен зертхана бар, соларды біріктіріп, осындай кешенді платформа құра аламыз. Сіздердің үлкен жоспарларыңыздың бар екені қуантады, әрі сіздер тек университет пен өңірдің ғана емес, бүкіл Қазақстанның мүддесін ескеріп отырсыздар. Болашақта біз ауыл шаруашылығымен қатар жасанды интеллект саласында да ынтымақтаса аламыз деп ойлаймын», – деді Хань Чунлинь.

