Петропавлда 81 жастағы зейнеткерге МӘМС аясында сәтті ота жасалды

Көпсалалы қалалық жедел медициналық жәрдем ауруханасында 81 жастағы тұрғынға иық сүйегінің сынуына байланысты сәтті ота жасалды. Зейнеткер қатты ауырсынуға және сол қолын пайдалана алмауына шағымданған. Тексеру нәтижесінде иық сүйегінің жоғарғы бөлігінің ығысуы бар көп сынық анықталды, деп хабарлайды QZ NEWS.
Травматолог Михаил Комаренконың айтуынша, пациенттің жасы мен соған байланысты қауіптерге қарамастан, барлық қажетті тексерулер мен дайындықтан кейін бесінші күні жалпы наркозбен ота жасалды.
«Пациентке сүйек сынықтарына жабық репозиция жасалып, ішкі фиксация орнатылды. Зейнеткер жеңілдікке ие санатқа жататындықтан, барлық медициналық қызмет МӘМС аясында көрсетілді», — деп түсіндірді дәрігер.
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ СҚО филиалының баспасөз қызметі хабарлағандай, ота сәтті өтті, ешқандай асқыну болған жоқ. Қазіргі таңда пациенттің жағдайы қанағаттанарлық, ол үйіне амбулаторлық ем алуға шығарылды.
