«Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Абылайхан Оспанов: «СҚО-да дрондарды ұшыратын 6 нүкте жоспарлануда»
Мемлекет басшысының қойған тапсырмалары аясында Үкімет цифрлық шешімдерді енгізу бойынша жұмыс жүргізуде. Алматы қаласында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін қазіргі таңда қолданылып жүрген бірыңғай дрондар жүйесі, Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі бастамасымен су тасқыны жағдайын мониторингтеу мақсатында пайдаланылатын болады, деп хабарлайды QZ News.
«Дрондар күн сайын үш рет алдын ала белгіленген траектория бойынша ұшып, су тасқыны қаупі бар аймақтардан деректер жинайтын болады. Бұл өз кезегінде өзендердің мұз қабатының күйін, қар қорын, еру сәттерін, тасқындар мен артық судың ағуын уақытында бағалауға мүмкіндік береді және тиісті шаралар қабылданады», — деді Солтүстік Қазақстан облысы әкімі аппаратының жетекшісі Руслан Әлішев.
Деректер шұғыл әрекет ету орталығына уақытында жауап қайтару және шаралар қабылдау үшін беріледі.
«Бүгінгі күні Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Қазақтелеком» Қазақстанның барлық аумағында дрондардың инфрақұрылымының бірыңғай жүйесін жүзеге асырып жатыр. Жақын арада шамамен 100 дронды іске қосу жоспарланып отыр. Пилоттық режимде олар әртүрлі қалаларда әртүрлі мақсаттарда пайдаланылады: ағымдағы жағдайларды мониторингтеу, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын бақылау, құқық қорғау саласында. Сонымен қатар, су тасқыны және орман өрттері кезінде де қолданылады. Солтүстік Қазақстан облысында қазіргі уақытта дрондарды ұшыру жоспарланған 6 нүкте анықталды. Жағдайға байланысты су тасқыны кезеңінде қанша дрон қолданылатыны анықталады», — деп хабарлады «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Абылайхан Оспанов.
Бұл жаңашылдық төтенше жағдайларға әрекет ету тиімділігін арттыруға, мониторингті жақсартуға және су тасқынына ұшырау қаупі бар аймақтардағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған. Болашақта бұл тәжірибе су тасқыны қауіпі бар басқа аймақтарға да таралатын болады.