ҚХР делегациясы экономикалық байланыстарды нығайту үшін СҚО-ға келді

Солтүстік Қазақстан облысына Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Хань Чуньлинь бастаған делегация жұмыс сапарымен келді. Сапардың мақсаты – Мемлекет басшысы атап өткендей, «алтын кезеңге» қадам басқан екіжақты қатынастарды нығайту, деп хабарлайды QZ NEWS.
Кездесу барысында экономикалық ынтымақтастықты кеңейту перспективалары талқыланды. Аграрлы аймақ болып табылатын СҚО Қытайға АӨК өнімдерінің экспортын белсенді арттырып келеді. 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында ҚХР-мен тауар айналымы $76 млн құрап, өткен жылдың көрсеткішінен асып түсті. Экспорттың негізгі бөлігін дәнді және майлы дақылдар, сондай-ақ болашағы зор құрама ұн өнімдері құрайды.

Өңірде инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасалуда. «Qyzyljar» АЭА аумағында қытайлық компаниялардың қатысуымен бірқатар бірлескен жобалар іске асырылуда. Атап айтқанда, Тайынша ауданында майлы дақылдарды қайта өңдеумен және диірмен кешенін дамытумен айналысатын «Айцзю» корпорациясы табысты жұмыс істеп келеді.
2025 жылдың мамыр айында құс еті жеткізу туралы хаттамаға қол қойылуы ынтымақтастыққа жаңа мүмкіндік ашты. «Солтүстік бройлер» құс фабрикасы өз өнімін ҚХР-ға экспорттауға дайын.

Тараптар білім беру саласындағы ынтымақтастыққа да ерекше назар аударды. М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті Қытайдың жетекші жоғары оқу орындарымен әріптестік байланыс орнатып, академиялық алмасулар мен бірлескен зерттеулерге ықпал етуде.

«Біз СҚО-да екі елдің жетекші бизнес өкілдерінің қатысуымен халықаралық бизнес-форум өткізуді көздеп отырмыз. Бұл алаң іскерлік ынтымақтастықты кеңейтуге тиімді құрал болатынына сенімдімін», – деді өңір басшысы.

