«Qyzyljar» АЭА аумағында 55,6 млрд теңгеге ірі жобалар қолға алынуда

Арнайы экономикалық аймақ – «Qyzyljar» аумағында өнеркәсіптік жобалардың белсенді құрылысы жалғасуда. Бұл өңір әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтің тапсырмасына сәйкес инвестициялық бастамаларға тұрақты мониторинг жүргізудің бір бөлігі болып табылады. Құрылыс барысын кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы мен «Qyzyljar» АЭА әкімшілігі бірлесіп бақылауда, деп хабарлайды QZ NEWS.
Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Дархан Әмірин мен «Qyzyljar» АЭА директорының орынбасары Д. Шарапиденов АЭА-ның №3 ішкі аймағында орналасқан инвестициялық нысандарды аралап шықты.

Жұмыс сапары аясында олар биыл іске қосылуы жоспарланған саңырауқұлақ фермасы мен компост зауытының құрылыс барысымен танысты. Сондай-ақ қағаз және картон өндіру жобасының іске асу қарқынына да баға берілді.

Қазіргі таңда «Qyzyljar» АЭА аумағында жалпы құны 55,6 миллиард теңгені құрайтын бес ірі жоба салынуда. Бұл бастамалар өңірдегі өнеркәсіптік өндіріс көлемін айтарлықтай арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және Солтүстік Қазақстан облысының инвестициялық тартымдылығын көтеруге септігін тигізеді деп күтілуде.
