“Қызылжар су” ЖШС Петропавл тұрғынына жол жөндеу жұмыстарынан кейін автокөлігінің зақымдануына байланысты 498 904 теңге өтемақы төлейді

2024 жылдың мамыр айында Петропавл қаласындағы Абай көшесінде талапкердің автокөлігі жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін асфальттағы шұңқырға түсіп, зақымданған. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттамаға сәйкес, бұл оқиғаға байланысты “Қызылжар су” ЖШС басшысы жауапкершілікке тартылған, деп хабарлайды QZ News.
Талапкер сотқа жүгініп, жауапкердің кінәсінен 498 904 теңге көлемінде материалдық шығын келгенін көрсеткен. Бұл шығын бағалау есебімен расталған.
“Жауапкер өз кінәсін мойындамады және Петропавл қаласындағы Абай көшесінде кәріз коллекторын жөндеу жұмыстарын мердігер ұйым жүргізгенін мәлімдеді. Алайда сот анықтағандай, жөндеу жұмыстарының тиісті деңгейде орындалмауына және жол белгісінің қойылмауына мердігер ұйым емес, жауапкер жауапты болған. Бұған дейін “Қызылжар су” ЖШС әкімшілік айыппұл түрінде жазаға тартылған. Осыған байланысты сот талапкерге келтірілген шығын үшін “Қызылжар су” ЖШС азаматтық-құқықтық жауапкершілікке тартылатынын, өйткені аталған жөндеу жұмыстары апат орны болған жердегі жер асты коммуникацияларын ұстаушы ұйым ретінде оның міндетіне кіретінін анықтады”, – деп хабарлады сот өкілдері.
Петропавл қаласының №2 соты істегі барлық дәлелдерді ескере отырып, талапкердің талабын қанағаттандырды және “Қызылжар су” ЖШС-нен шығын сомасын өндіріп алу туралы шешім шығарды. Сот шешімі заңды күшіне енді.
