Петропавловск
+21°C
Главная страница » CҚО » Рұқсат етілмеген жерлерде шомылғаны үшін айыппұл: СҚО-да жүзге жуық адам жауапкершілікке тартылды

Рұқсат етілмеген жерлерде шомылғаны үшін айыппұл: СҚО-да жүзге жуық адам жауапкершілікке тартылды

July 15, 2025 12:40

Қазақстанда жыл сайын су айдындарында, әсіресе балалар арасында, қайғылы оқиғалар тіркеліп отырады. Су ресурстарына бай Солтүстік Қазақстан облысы да бұл мәселемен өткір бетпе-бет келеді. Соңғы бес жылда өңірде 46 адам суға батып көз жұмды, оның ішінде 10 бала бар. Мұндай жағдайлардың басты себебі — балалардың ата-анасыз, рұқсат етілмеген жерлерде шомылуы, деп хабарлайды QZ NEWS.
 
2025 жыл басынан бері СҚО-да балалардың суға бату фактілері тіркелген жоқ. Бұл — жазғы шомылу маусымында халықтың қауіпсіздігін арттыруға және жазатайым оқиғалардың алдын алуға бағытталған облыстық ТЖ департаментінің кешенді әрі күшейтілген жұмысының нәтижесі.
 
⁠«2025 жылдың наурызында Тепличное ауылында өңірдегі алғашқы әмбебап құтқару станциясы ашылды. Ол Пёстрое көліне тәулік бойы бақылау жүргізіп, қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. 5 шілде 2025 жылы әкімдіктің қолдауымен ТЖ министрі Есіл өзенінде Қазақстандағы тұңғыш модульдік  құтқару станциясын іске қосты. Бұл жаңашылдық құтқарушылардың әрекет ету уақытын едәуір қысқартады. Департаменттің иелігінде 25 жүзу құралы мен оларды тасымалдауға арналған 3 тіркеме бар, бұл оқиғаға шұғыл ден қоюға мүмкіндік береді», — делінген хабарламада.
 
Су айдындарында қауіпсіздік ережелерін бұзғаны үшін 7 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде әкімшілік айыппұл қарастырылған. Биылғы жылы Әкімшілік құқық-бұзушылық туралы кодекстің 412-бабына сәйкес 94 азамат жауапкершілікке тартылды.
Shares