Петропавловск
+21°C
Главная страница » CҚО » «Серпін — 2050»: он жыл ішінде Қозыбаев университеті 1353 маман дайындады

«Серпін – 2050»: он жыл ішінде Қозыбаев университеті 1353 маман дайындады

Достық үйінде «Мәңгілік ел жастары – индустрияға» – «Серпін – 2050» мемлекеттік бағдарламасының түлектерін жұмыспен қамту мәселелеріне арналған дөңгелек үстел өтті. Оның іске қосылғанына биыл 10 жыл толады, деп хабарлайды QZ News тілшісі.

Бағдарлама еліміздің жұмыс күші тапшы өңірлеріндегі кадрлық әлеуетті толықтыруға, студенттерді сапалы оқытуға, кейін Солтүстік Қазақстан облысында түлектерді жұмысқа орналастыруға және қалдыруға бағытталған. Аталған бағдарлама бойынша білім алуғаоблысымызға Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Маңғыстау облыстарынан жастар келеді.

«Серпін – 2050» бағдарламасы аясында 2014-2024 жж. жергілікті университет 1353 маман дайындады. 2025 жылы мемлекеттік бағдарламаның 68 қатысушысы Қозыбаев университетінен тәмәмдайды. Кездесуде жобаның тиімділігі, «Мәңгілік ел жастары-индустрияға» – «Серпін – 2050» жобасының өңірдегі түлектерін жұмыспен қамту және оларды өңірде қалдырудың өзекті мәселелері талқыланды.

«Мен Алматы облысынанмын, «Серпін» бағдарламасы бойынша Солтүстік Қазақстан облысының жоғары оқу орнына түстім. Мұнда келу барысында қаржылай көмек алдым. Қозыбаев университетінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша екінші курста оқып жатырмын. Өкінішке орай, мен білім алғаннан кейін туған жеріне оралуды ұйғарған көптеген адамдарды білемін. Ал мен Солтүстік Қазақстанда жұмыс істегенді жөн көремін, маған жоғары білім берген өңірге пайдамды тигізгім келеді», – дейді Қозыбаев университетінің студенті Диас Ізбасар.

Диалогқа қаланың жергілікті атқарушы органдарының өкілдері, Қозыбаев университетінің биылғы жылғы және өткен жылдардағы түлектері, Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің, Еңбек ұтқырлығы орталығының, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қатысты.

 

Shares