СКО әкімі аудандарда жаңа өндірістер ашу арқылы инвестор тарту мен өнеркәсіпті дамыту жұмысын күшейтуді тапсырды

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтың төрағалығымен өткен әкімдік отырысында өңірдің 2025 жылдың I тоқсанындағы әлеуметтік-экономикалық дамуы мен бюджеттің орындалу қорытындылары қаралды, деп хабарлайды QZ News.
Тоқсан қорытындысы бойынша облыс экономикасы 3,8%-ға өсті. Бірқатар негізгі салаларда оң динамика байқалды: құрылыс — 28,8%-ға, сауда — 10,8%-ға, ауыл шаруашылығы — 7,5%-ға, тұрғын үй құрылысы — 7,3%-ға, байланыс саласы — 3,4%-ға артты.
Агроөнеркәсіптік кешенге салынған инвестициялар көлемі 38 млрд теңгені құрады. Өнеркәсіптік өндіріс көлемі 162 млрд теңгеге жетті. Тау-кен өндірісіндегі өсім 20%-дан асты.
Отырыс қорытындысы бойынша облыс әкімі бірқатар тапсырма берді: экономика өсімінің 7%-дық көрсеткішіне жету үшін ай сайынғы нәтижелерді қамтамасыз ету; экономиканың түрлі салаларын ынталандыруға қосымша резервтерді қарастыру; инвестор тарту және аудандарда жаңа өндіріс орындарын ашу арқылы өнеркәсіпті дамыту жұмысын күшейту; бюджеттің кіріс бөлігін арттыру және шығыстардың тиімділігін көтеру мүмкіндіктерін қарастыру.
Сонымен қатар, бюджет қаражатын игеруге ерекше назар аударып, мердігер ұйымдармен тиімді өзара іс-қимыл орнатып, жұмыс кестесінің бұзылуына жол бермеу, сондай-ақ республикалық және жергілікті бюджеттерден қосымша қаржыландыруға арналған жобалар тізімін қалыптастыру тапсырылды.
