Солтүстік Қазақстан облысында «ProEco» байқауына қатысушылар өңірдің табиғи нысандарының виртуалды экскурсиялары мен 3D модельдерін ұсынды

Петропавл қаласында Ғабит Мүсірепов атындағы №43 орта мектеп базасында 5–8 сынып оқушылары арасында «ProEco» республикалық экологиялық жобалар байқауының облыстық кезеңі өтті, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
Іс-шараны “Қызылжар дарыны” дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығы ұйымдастырды. Байқауға Солтүстік Қазақстан облысының түрлі аудандарынан келген оқушылар қатысып, экология және қоршаған ортаны қорғау тақырыбына арналған зерттеу және шығармашылық жұмыстарын ұсынды.
Байқау төрт бағыт бойынша өткізілді. «Туған өлке табиғаты» номинациясында қатысушылар өңірдің табиғи нысандарының виртуалды экскурсияларын, 3D модельдерін және жергілікті экожүйелердің ерекшелігін көрсететін интерактивті карталарды таныстырды. Жұмыстар жеке форматта орындалып, туған жердің табиғи байлығын жан-жақты көрсетуге бағытталды.
«Мені қоршаған әлем – ғажайып әлем» бағыты аясында оқушылар бейнероликтер, шағын деректі фильмдер, шығармашылық әңгімелер мен фотоэсселер ұсынды.
Қатысушылар табиғаттың сұлулығы мен алуан түрлілігін, сондай-ақ оны қорғауға деген жеке көзқарастарын жеткізуге тырысты.
Ерекше қызығушылық тудырған «Үздік экологиялық бастама» номинациясында 1–2 адамнан құралған командалар экологиялық мәселелердің нақты шешімдерін ұсынды.
Жобалар қатарында макеттер, экодизайн элементтері, сараптамалық зерттеулер мен инфографикасы бар жұмыстар болды. Олар өңірдегі экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған.
Төртінші бағыт — «Таза қала өзіңнен басталады» аясында қатысушылар елді мекендерді абаттандыру және көгалдандыруға арналған жобаларын таныстырды. Экологиялық акциялар, фотоесептер, бейнежобалар мен талдамалық материалдар ұсынылып, экологиялық мәдениетті қалыптастыру мен қалалық ортаны жақсартуға басымдық берілді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқаудың басты мақсаты — зерттеушілік қабілеті жоғары, экологиялық мәселелерге қызығушылық танытатын дарынды оқушыларды анықтау және қолдау. Мұндай іс-шаралар оқушылардың экологиялық ойлауын дамытып, белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыруға және жастарды қоршаған ортаны қорғау мәселелерін шешуге тартуға ықпал етеді.
«ProEco» байқауының облыстық кезеңі жас ұрпақтың ғылыми көзқарасы мен шығармашылық әлеуетін танытатын, идея алмасуға мүмкіндік беретін алаңға айналды. Сонымен қатар ол өңір оқушыларының экология тақырыбына деген жоғары қызығушылығын тағы бір мәрте дәлелдеді.
