Петропавловск
+21°C
Главная страница » CҚО » СҚО-да бірқатар мемлекеттік орган ірі инвестор-компанияларға қатысты 17 заңсыз іс қозғаған

СҚО-да бірқатар мемлекеттік орган ірі инвестор-компанияларға қатысты 17 заңсыз іс қозғаған

July 29, 2025 11:23

2025 жылдың алғашқы алты айында Солтүстік Қазақстан облысының прокуратурасы 700-ден астам кәсіпкердің құқығын қорғады. Түрлі жауапкершілікке 30 лауазымды тұлға, соның ішінде басшылар да тартылды, деп хабарлайды QZ NEWS.

Мәселен, Аққайың, Уәлиханов аудандары мен Петропавл қаласының мемлекеттік кірістер басқармасының лауазымды тұлғалары Кодекс талаптарын бұзып, прокурордың келісімінсіз 17 әкімшілік құқық бұзушылық ісін қозғаған. Бұл істердің нысанасына өңірлік инвесторлар пулына кіретін бірқатар ірі компаниялар – «Северный бройлер» құс фабрикасы» ЖШС, «Бүркіт» ӨК ӘКК және «АТМ Petropavlovsk Hospital» ЖШС іліккен.

Сонымен қатар, Жамбыл, Мамлют, Тайынша және М. Жұмабаев аудандарында мемлекеттік кірістер органының өкілеттігі жоқ мамандары кәсіпкерлерге қатысты 30 әкімшілік іс бойынша шешім қабылдаған. Кодекске сәйкес, мұндай өкілеттіктер тек мемлекеттік кірістер органының басшыларына, олардың орынбасарларына немесе арнайы уәкілетті лауазымды тұлғаларға ғана берілген.

– Ғ. Мүсірепов ауданында мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары кәсіпкерді ӘҚБтК-нің 92-1-бабы (міндетті әлеуметтік сақтандыру саласындағы заңнаманы бұзу) бойынша жауапкершілікке заңсыз тарту туралы қаулы шығарған. Бұл – тіпті істің мерзімі өтіп кеткеннен кейін болған. Прокурорлық қадағалау нәтижесінде барлық заңсыз шешімдер жойылып, іс жүргізулер тоқтатылды. Кінәлі лауазымды тұлғалар, соның ішінде басшылар да тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде үш инвесторды қоса алғанда, 25 кәсіпкердің құқығы қорғалды, – делінген СҚО прокуратурасының хабарламасында.

Қадағалау органы барлық кәсіпкерлерге егер олардың құқықтары мен заңды мүдделері бұзылса, кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі мобильді топтың +7-771-362-08-99 нөмірі арқылы тікелей прокуратура қызметкеріне жүгінуге болатынын еске салады.

Shares