СҚО-да пайдаланылмай жатқан 76,7 мың гектар жер анықталды

Солтүстік Қазақстан облысында тексерілген ауыл шаруашылығы жерлерінің әрбір екінші гектары мүлде пайдаланылмайды немесе заң бұзушылықпен рәсімделген. Ондаған мың гектар жерді мемлекет меншігіне қайтару мәселесі «AMANAT» партиясы жанындағы СҚОФ «Жер аманаты» өңірлік комиссиясының отырысында талқыланды, деп хабарлайды QZ News партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жыл басынан бері облыс аумағында жалпы көлемі 143,2 мың гектар жер телімдері тексеріліп, соның 76,7 мың гектары пайдаланылмай жатқан жер ретінде танылды. Оның 35,6 мың гектары қазірдің өзінде мемлекеттік меншікке қайтарылды. Алайда жылдық жоспарды орындау үшін қосымша 64,4 мың гектар жерді қайтару қажет. Жер ресурстарын басқару департаментінің басшысы Жалғас Сүлейменовтың айтуынша, адал емес жер пайдаланушыларға ықпал етудің негізгі тетігі – жер салығының мөлшерлемесін 20 есе ұлғайту.

«2025 жылы жүргізілген 72 тексерістің нәтижесінде 48 нұсқама беріліп, олар Мемлекеттік кірістер департаментіне жолданады. Бұл салық мөлшерлемесін 20 есеге арттыру шарасын қолдануға мүмкіндік береді. 46 әкімшілік жаза қолданылып, оның ішінде 34 айыппұл салынды. Жалпы сомасы – 3 млн 534 мың теңге. 7 шаруашылық берілген нұсқамадан кейін заң бұзушылықтарды жойса, тағы 4 агроқұрылым өз еркімен 2,6 мың гектар жерден бас тартты. Жыл соңына дейін 100 мың гектар бойынша жоспарды орындау көзделіп отыр. Бұл — ерікті түрде қайтару мен сот шешімдері арқылы жүзеге асырылады», — деді Ж. Сүлейменов.

Аудандық деңгейдегі жағдайға да ерекше назар аударылды. Мысалы, Уәлиханов ауданында жоспарланған 18 мың гектардың тек 10,6%-ы ғана қайтарылған, ал 1,5 мың гектар бойынша құқықты тоқтату процесі жүріп жатыр. Аудан әкімінің орынбасары Дархан Бейсембиннің айтуынша, жұмыс үш бағытта жүргізілуде: ерікті қайтару, тіркелмеген учаскелерді анықтау және сотқа талап арыздар жолдау. Алайда жерлердің кепілде болуы және кейбір жер пайдаланушылардың өңірден тыс тұруы процесті күрделендіріп отыр – жалпы көлемі 19,6 мың гектар болатын алқаптар иесіз мүлік ретінде танылуға дайындалуда.

Мәжбүрлеп алып қою шеңберінде 2025 жылы жалпы көлемі 2,6 мың гектар болатын екі сот талабы берілді. Соның бірі — 2,4 мың гектар жайылым жерге қатысты — сотпен қанағаттандырылды, ал екіншісі қаралу үстінде.
