СҚО-да сақтандыру арқылы қолжетімді бірегей оталар сәтті жасалуда

2025 жылдың басынан бері Солтүстік Қазақстан облысында жалпы сомасы 198,9 миллион теңгеге 31 жоғары технологиялық медициналық қызмет көрсетілді. Өмірді сақтап қалатын бұл қымбат операциялар тұрғындарға екі пакет аясында қолжетімді болды: міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) және тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК), деп хабарлайды QZ NEWS өңірлік Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры филиалының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Барлық операцияның ішінде 19-ы МӘМС есебінен, ал 12-сі ТМККК аясында жүргізілген. СҚО бойынша Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры филиалы директорының орынбасары Талғатбек Тілеубердиннің айтуынша, мұндай оталардың жоғары құны сақтандырылған пациенттер үшін кедергі болмайды. Мәселен, кеуде қолқасына эндоваскулярлық протез имплантациясы 4 миллион теңгеден асуы мүмкін, бірақ Қордағы ең аз жинақтың өзі науқасқа операцияны қолжетімді етеді.

Қор деректеріне сәйкес, 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында өңірде жоғары технологиялық медициналық көмекті екі клиника көрсетті.
Көпсалалы облыстық ауруханада жалпы құны 119 миллион теңгеден асатын 18 ота жасалды. Оның ішінде:
- бас пен мойын тамырларына эндоваскулярлық эмболизация – 7 ота;
- автоматты кардиовертер имплантациясы – 4;
- басішілік артерияларға стентті тері арқылы имплантациялау – 6;
- кеуде қолқасына протез орнату – 1.
Көпсалалы қалалық ауруханада тізе буынын ревизиялау және ауыстыру бойынша 1 ота жасалды, құны – 2,13 миллион теңге. Сонымен қатар, мемлекет есебінен ТМККК аясында жоғары технологиялық медициналық көмекке 77 миллион теңгеден астам қаржы бағытталды.
