СҚО-да су құбыры инфрақұрылымын дамытуға 45 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінеді

Солтүстік Қазақстан облысында ауыл тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында су құбыры инфрақұрылымын дамытуға Арнайы мемлекеттік қордан 45 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді, деп хабарлайды QZ News.
ҚР Үкіметінің ресми Telegram-арнасындағы мәліметке сәйкес, бұл қаржыға өңірдің сумен қамту жүйесін жақсартуға бағытталған 48 жоба жүзеге асырылады. Олардың қатарында Соколов, Булаев және Преснов топтық су құбырларын қайта жаңғырту, сондай-ақ Айыртау және Шал ақын аудандарындағы ауылдық елді мекендерге Көкшетау топтық су құбырына қосылатын жаңа су тартқыштар мен су желілерін салу жұмыстары бар.
Жобалар толық аяқталған соң, СҚО ауылдарының халқы 100% сапалы ауыз сумен қамтылатын болады.
Қазіргі таңда Солтүстік Қазақстан облысы топтық су құбырларының ұзындығы бойынша елде көш бастап тұр – 3 мың шақырымнан астам. Осы құбырлар арқылы 175 мың тұрғыны бар 229 ауылға су жеткізіледі. Петропавл қаласында халықтың 100%-ы, ал ауылдық жерлерде 97,5%-ы орталықтандырылған сумен қамтылған.
