СҚО-дағы республикалық трассада 390 мың шаршы метрден астам жол жабыны жаңартылды

Солтүстік Қазақстан облысында республикалық маңызы бар KAZ02 «Астана – Көкшетау – Петропавл – Ресей Федерациясының шекарасы (Жаңа жол өткізу бекеті)» автомобиль жолында орташа жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр. Жұмыстар 341-ден 473 шақырымға дейінгі аралықтағы жекелеген учаскелерді қамтиды, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
«ҚазАвтоЖол» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, мамандар 588 мың шаршы метр ескі асфальтты фрезерлеп алып, 56 мың тонна тегістеу қабатын төсеген. Жолдың жоғарғы қабаты қиыршық тас -мастикалық асфальтбетон қоспасын қолдану арқылы жаңартылуда. Қазіргі таңда 390,6 мың шаршы метр аумақта жұмыс аяқталған.
«Қазіргі уақытта орташа жөндеу жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр. Атқарылып жатқан жұмыстар жол жабынының жағдайын жақсартуға, қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және жол қозғалысына қатысушылар үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді», – делінген хабарламада.
