СҚО экономикасы қарқын алып келеді: Өңір барлық салада өсім көрсетуде
July 15, 2025 14:21

Солтүстік Қазақстан облысы 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығын қорытындылап, негізгі салалар бойынша тұрақты экономикалық өсімді көрсетіп отыр. Ауыл шаруашылығы өнімі бойынша нақты көлем индексі 106,3%-ды құрады. Мал шаруашылығы өнімі 6,3%-ға өсіп, 88,0 млрд теңгеге жетті. Осы кезеңде 33,3 мың тонна ет, 177,8 мың тонна сүт және 310,0 миллион дана жұмыртқа өндірілді, деп хабарлайды QZ NEWS.
Өңірде өнеркәсіп саласы да айтарлықтай ілгерілеген. Жалпы өндіріс көлемі 399,5 млрд теңгені құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 15,0%-ға артты. Атап айтқанда, кен өндіру өнеркәсібі 15,5%-ға өскен. Жалпы өнеркәсіп өндірісінің шамамен 85%-ын құрайтын өңдеу өнеркәсібі 18,2%-дық өсіммен 338,9 млрд теңгеге жетіп, жоғары нәтижелерге қол жеткізді.
Инвестициялық белсенділік те жоғары деңгейде: 2025 жылдың қаңтар-маусым айларында өңірге 214,6 млрд теңге инвестиция тартылды.
Құрылыс саласында да айтарлықтай өсім байқалады – орындалған жұмыстар көлемі 26,7%-ға артты. Бұл өсім капиталдық жөндеу көлемінің 15,4%-ға, құрылыс-монтаж жұмыстарының 23,7%-ға және ағымдағы жөндеу жұмыстарының 48,8%-ға ұлғаюымен қамтамасыз етілді.
«Тұрғын үйді пайдалануға беру саласында да оң динамика байқалады. 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында 97,3 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 7,6%-ға жоғары. Мұндай өсімге облыстың барлық 13 ауданы мен Петропавл қаласы үлес қосты. Ең жоғары өсім Мамлют, Тайынша, Тимирязев және Аққайың аудандарында тіркелді», – деді облыстық экономика басқармасының басшысы Қуанышбек Қалижанов.
Сауда саласы бойынша тауарлар мен қызметтерді сату көлемі 511,6 млрд теңгеге жетіп, 9,7%-дық өсім көрсетті. Бөлшек саудада 201,6 млрд теңгенің өнімі сатылса, көтерме сауда көлемі жалпы сауданың 60%-ын құрап, 308,5 млрд теңгеге жетті. Бұл көрсеткіштің нақты көлем индексі – 115,5%.
