Петропавловск
+21°C
Главная страница » CҚО » Субсидияның кешігуі және импортпен бәсекелестік: СҚО-дағы сүт өңдеушілер қандай қиындықтарға тап болуда

Субсидияның кешігуі және импортпен бәсекелестік: СҚО-дағы сүт өңдеушілер қандай қиындықтарға тап болуда

September 8, 2026 14:59

 

СҚО-дағы сүт өңдеу кәсіпорындары өндіріс көлемін арттыруға дайын. Алайда саланың дамуына субсидиялардың кешіктірілуі және ірі сауда желілеріне шығудағы қиындықтар кедергі келтіруде. Бұл мәселелер «Атамекен» ҰКП Инвестициялар департаменті өкілдерінің «ЭкоМол Сергеевка» ЖШС-не сапары барысында көтерілді, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.

Кәсіпорын тәулігіне 30–35 тонна сүт өңдейді. Шикізатты өңірдегі жеті шаруашылықтан алады. Мұнда ай сайын 30 тоннаға дейін сары май өндіріледі. Бұған дейін кәсіпорынның ассортиментінде жетіге дейін өнім түрі болған. Алайда сүт пен ірімшіктің сақтау мерзімі қысқа болғандықтан, кәсіпорын өнім түрлерін қысқартқан.

«Біз тек сары май өндіруді қалдырдық, өйткені оның сақтау мерзімі 9 айға дейін жетеді. Жыл сайын өндіріс көлемін кеңейтіп, жабдықтарды жаңартып, сүт өңдеу қуатын арттырып келеміз», – деді «ЭкоМол Сергеевка» ЖШС директорының орынбасары Бақыт Рашитов.

Алдағы уақытта кәсіпорын сары май өндірісін арттырып, жұмсақ балқытылған ірімшіктер шығаруды жоспарлап отыр. Ол үшін қосымша жабдық сатып алу қажет.

Бизнестің пікірінше, негізгі кедергілердің бірі – сүт өңдеуге берілетін субсидиялардың уақытылы төленбеуі. Кәсіпорын басшылығының айтуынша, қаржыландырудың жеткіліксіздігіне байланысты төлемдер алты айдан да ұзақ уақытқа кешігуі мүмкін.

«Ауыл шаруашылығы басқармасы бір жылға жоспар қояды. Мысалы, субсидияға 4 млрд теңге қарастырылады делік. Ал іс жүзінде өңірге 5 млрд теңге қажет болды, бірақ Ауыл шаруашылығы министрлігі бюджеттен небәрі 3 млрд теңге бөледі. Осылайша өңдеушілер алдында қарыз қалыптасады», – деді Бақыт Рашитов.

Тағы бір мәселе – ірі сауда желілеріне кіру. Кәсіпорын басшылығының айтуынша, отандық өндірушілер импорттық өнімдермен ғана емес, тауарды сауда сөрелеріне орналастыру үшін алынатын жоғары төлемдермен де бәсекелесуге мәжбүр.

«Қазақстандық өнімдер сөренің төменгі жағында орналасады, ал Ресей мен Беларусь майы сатып алушының көз деңгейінде тұрады. Астана мен Алматыдағы сауда желілеріне жоғары төлемдерге байланысты кіру тіпті мүмкін емес. Оның мөлшері 30 пайызға дейін жетеді», – деді «ЭкоМол Сергеевка» ЖШС директоры Альбина Казкеева.

«Атамекен» ҰКП-да кәсіпкерлер көтерген субсидиялау және сауда желілерінің жұмысына қатысты мәселелер пысықталып, тиісті министрліктер мен жергілікті атқарушы органдарға жолданатынын хабарлады.

Shares