«Табыстың кілті – әріптестік», – Руслан Әлішев СҚО-дағы IT және креативті экономиканы дамыту туралы

«Digital Qyzyljar: IT және креативті экономика» аймақтық форумында Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің аппарат жетекшісі Руслан Әлішев СҚО IT саласы өкілдерінің зор әлеуетіне және өңірдің барлық аудандарын қамтитын цифрлық даму стратегиясына назар аударды, деп хабарлайды QZ NEWS.
«Бүгін мен орталықтың резиденті болып, өңірдің цифрлық экожүйесіне кірген жастардың қысқа уақыт ішінде қызықты жобалар жасап үлгергеніне риза болдым. Олардың әлеуеті зор. Көрмеде біздің IT-компаниялардың, стартаптардың, жас әріптестеріміздің және түрлі білім беру ұйымдарының бастамалары мен еңбектерінің нәтижесі көрсетілді. Менің ойымша, бұл – өңірде нақты кәсіби қауымдастықтың қалыптасып келе жатқанының айқын дәлелі. Ол қауымдастық түрлі салада қажетті цифрлық шешімдер ұсына алатынын көрсетіп отыр», – деді Руслан Әлішев.
Аймақ үшін мақтаныштың бір себебі – ел бойынша алғашқы аудандық креативті IT орталығының ашылуы. Аппарат жетекшісі облыстың аграрлық мәртебесіне де ерекше назар аударылатынын атап өтті. Цифрлық технологиялар қазір тек қалаларда емес, ауылдық жерлерде де дамудың қозғаушы күшіне айналуда.

«Өндірісті дамытуға бағытталған жеке жобалар бар. Бізде ірі қант зауытының құрылысы жоспарланып отыр. Онда сөзсіз цифрлық шешімдер мен жасанды интеллект қолданылады. Демек, сол жерде жұмыс істейтін мамандар қажет болады. Өйткені цифрландыру мен жасанды интеллект тек өндірісті ғана емес, логистиканы, менеджментті және сауданы да қамтиды», – деп атап өтті Руслан Әлішев.
Оның пікірінше, табыстың басты кілті – мемлекет, бизнес және IT қауымдастықтарының бір команда ретінде жұмыс істеуінде.

«Біздің креативті орталығымыз да ел бойынша алғашқы болып креативті және цифрлық бағыттарды біріктіру жолына түсті. Бүгін ұсынылған нәтижелер осының айғағы. Біз бір алаңда технологияны, креативтілікті және кәсіпкерлікті тоғыстырдық. Мұнда туындаған идеялар тек облыста ғана емес, республикалық деңгейде де мойындалуда. Алда өңір мен елдің мақтанышына айналатын көптеген жаңа жобалар бар деп сенемін. Ең бастысы – алға қарай жылжу. Цифрландыру – бұл тек техника емес, деректерге, ашықтыққа және жауапкершілікке негізделген жаңа басқару мәдениеті», – деп түйіндеді СҚО әкімінің аппарат жетекшісі.
