Тамыз конференциясы – 2025: СҚО мұғалімдері жаңа міндеттерді талқылады

Петропавлда білім беру саласы қызметкерлерінің дәстүрлі тамыз конференциясы өтті. Ол өткен оқу жылының қорытындысын шығарып, алдағы жылға негізгі міндеттерді айқындайтын алаңға айналды, деп хабарлайды QZ NEWS.
Іс-шараға СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов пен Оқу-ағарту вице-министрі Асылбек Ахметжанов қатысты. Сондай-ақ конференцияға өңірдің 500-ден астам педагогы, еңбек ардагерлері және жас мамандар жиналды.
Конференцияның басты тақырыбы «Білім келешегі: Адал азамат – кәсіби маман» идеясы болды.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, «1300 мектепті реновациялау» ұлттық жобасы аясында өңірде үш жыл ішінде 67 мектеп жаңғыртылмақ. Білім беру өңірлік саясаттың негізгі басымдығы болып қала береді. Биыл бұл салаға 164 млрд теңге бөлініп отыр, бұл облыс бюджетінің 33,4%-ын құрайды.

Қазіргі таңда мектептер, балабақшалар мен спорт нысандарының құрылысы белсенді жүргізілуде, оның ішінде бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында да жүзеге асып жатыр. Кәсіпкерлердің білім беру саласына салған инвестициясы 1,5 млрд теңгеден асты.
Білім беруге цифрлық шешімдерді енгізу бойынша жүйелі жұмыс атқарылуда. Мектептер заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталып, электронды оқыту форматы дамып келеді. Бұл білім беру қызметінің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға ықпал етуде.
«Біздің бес мектебіміз республикадағы ең үздік жүз мектептің қатарына енсе, төртеуі Қазақстанның олимпиадалық мектептері рейтингіне кірді. Әсіресе, олардың ішінде ауыл мектептері де бар екені қуантады. Енді біздің ортақ мақсатымыз – өңірдегі кемінде 10 мектептің республикалық рейтингтерге енуін қамтамасыз ету. Біз балаларымыздың жетістіктерімен мақтанамыз және ұстаздарымызға облыс пен елдің болашағына қосқан үлесі үшін алғыс айтамыз», – деді Ғауез Нұрмұхамбетов.
Қатысушылар қазіргі мектеп тек сапалы білім беріп қана қоймай, уақыт талабына бейімделе алатын, жан-жақты дамыған әрі жауапты тұлға тәрбиелеуі қажет деген мәселені талқылады.

Конференция аясында марапаттар да табысталды. «Ең үздік орта білім беру ұйымы» атағы Қызылжар ауданының Бескөл орта мектебі №3-ке берілді. Мекеме облыстық бюджеттен 68 млн теңге көлемінде грант алып, дамуын жалғастырмақ.
Сондай-ақ білім саласындағы жұмысшы мамандардың еңбегі ерекше атап өтілді. Олардың күнделікті еңбегі білім беру ортасының тұрақтылығы мен қолайлылығын қамтамасыз етеді.

«Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағын Петропавл қаласы №4 орта мектебінің мұғалімі Шолпан Әблемова Мемлекет басшысының қолынан алды. Президент Жарлығымен М. Айтхожин атындағы №1 мектептің тарих пәні мұғалімі Вадим Кузурман «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік наградасымен марапатталды. Сондай-ақ бірқатар педагогтар кәсіби борышына адалдығы үшін алғыс хаттарға ие болды.

