«Таныстықпен емес, еңбегімен мансап құру»: Президент бастамасы мемлекеттік аппаратты қалай өзгертуде

2024 жылғы Жолдауында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамда үлкен резонанс тудырып, сарапшылар тарапынан жоғары бағаға ие болған бастамасын жариялады. Ол – жоғары лауазымды мемлекеттік қызметшілердің жақын туыстарының бір мезгілде қызмет атқаруына тыйым салу. Бұл қадам жай ғана кезекті сыбайлас жемқорлыққа қарсы шара емес, мемлекеттік этика мен саяси мәдениетті қалыптастырудағы түбегейлі жаңа бағыт ретінде қарастырылуда, деп хабарлайды QZ NEWS.
Аталған реформа көптеген елдер үшін, тіпті дамыған демократияларда да сирек кездесетін ерекше қадам болып отыр. Қалалық мәслихат депутаты Әсемгүл Қалиева атап өткендей, мұндай қатаң этикалық шектеулер мемлекеттік деңгейде өте сирек қолданылады. Қазақстан туыстық немесе бейресми байланыстардан жоғары тұратын этикалық нормаларды заңмен бекіткен алғашқы елдердің бірі болмақ.
Бұл шешім әділ бәсекелестікке кедергі келтіретін, дарынды әрі лайықты мамандардың мансаптық өсуіне тосқауыл болатын «көңілжықпастықты» түп-тамырымен жоюға бағытталған. Президент Тоқаевтың бастамасы қазіргі Қазақстанда мансап тек еңбегімен, кәсібилігімен және біліктілігімен құрылуы тиіс екенін айқын көрсетіп отыр.
Жоғары лауазымды шенеуніктердің туыстарына тыйым салу – жай ғана заң емес, қоғам сеніміне негізделген мемлекеттік аппараттың жаңа үлгісін қалыптастыру тетігі. Азаматтар мансаптың тең жағдайда құрылып жатқанын көргенде, жүйенің әділдігі мен ашықтығына деген сенімі артады. Мұндай реформалар жарияланған қағидаттардың сөз жүзінде қалмай, іс жүзінде жүзеге асып жатқанын дәлелдейді. Бұл – елдің тұрақты дамуының кепілі.
Осылайша, Президент Тоқаевтың бастамасы әділетті және меритократиялық мемлекет құру жолындағы батыл әрі маңызды қадам болып табылады. Ол жаңа реформаларға жол ашып, биліктің қоғам игілігі үшін нақты өзгерістер жасауға дайын екенін көрсетеді.
