Жаңа пәтерлер, зауыт және жолдар: Мамлют ауданындағы өзгерістер

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі жұмыс сапарымен Мамлют ауданына барып, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға және инфрақұрылымды дамытуға бағытталған негізгі жобалардың жүзеге асырылу барысын өз көзімен көрді. Негізгі назар – тұрғын үй құрылысы, инфрақұрылымдық жобалар, бизнесті дамыту және әлеуметтік нысандарға аударылды, деп хабарлайды QZ NEWS.
Мамлюткада әлеуметтік осал топтарға арналған 16 пәтердің құрылысы аяқталуға жақын. Нысанды қыркүйек айында пайдалануға беру жоспарланған. Инфрақұрылымды жаңғыртуға да ерекше көңіл бөлінуде. Жалпы құны 1,3 млрд теңгені құрайтын сегіз жоба аясында ауызсуды жақсарту жұмыстары жүргізіліп жатыр, ал төрт ауылда су тазарту модульдері орнатылуда. Орталық қазандықта қазір екі қазан агрегаты жұмыс істеп тұр, алдағы жылыту маусымына сенімділікті арттыру үшін тағы бір қазандық қосылады.

«Қыркүйек айында ауданда Қазақстан үшін бірегей саналатын ағаш-жоңқа плиталарын шығаратын «Сапа Инвест Плюс» ЖШС зауыты іске қосылады. Кәсіпорын экологиялық таза ақуызды желімді қолданатын болады. Өндірістік қуаты жылына 30 мың тоннаға жетеді, сондай-ақ 15 жаңа жұмыс орны ашылады», – деп жазды СҚО әкімі әлеуметтік желідегі парақшасында.
Агроөнеркәсіптік кешен де дамып келеді. Кәсіпкер Александр Ухов аквамәдениетпен белсенді айналысып, биыл 150 тонна балық экспорттауды жоспарлап отыр. Бұдан бөлек, 2025 жылы ауданішілік және ауылішілік 12 км жолға жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

Ғауез Нұрмұхамбетов сондай-ақ егін жинау науқанының барысымен танысты. Ол Дубровное ауылындағы «Бредун» шаруа қожалығына барып, онда сұйық минералды тыңайтқыш өндіретін шағын зауыттың жұмысын көрді.

Маңызды оқиғалардың бірі – Мамлюткада аудандағы алғашқы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің ашылуы болды. Ол спортты барлық тұрғындар үшін қолжетімді ете түспек. Ал Воскресеновка ауылында Мәдениет үйінің күрделі жөндеуі аяқталды. Бұл жоба ауылдағы мәдени өмірді қамтамасыз етудегі басымдықты айқындайды.

Жұмыс сапарының соңында өңір басшысы жергілікті тұрғындармен кездесіп, өзекті мәселелерді талқылап, олардың ұсыныстарын тыңдады.

