Әлем чемпионы Наталья Богданованы Петропавлда салтанатты түрде қарсы алды

Петропавл әуежайында бокстан әлем чемпионы Наталья Богдановаға құрмет көрсетіліп, салтанатты қарсы алу рәсімі өтті. Жеңімпазды құттықтау үшін оның бапкері, достары, туыстары мен спорт қауымдастығы жиналды. Чемпионды қарсы алуға QZ News тілшісі де барды.
Чемпион қызды қымыз бен бауырсақпен қарсы алды. Сондай-ақ спортшыны Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұлов жылы лебізбен құттықтады. Дәстүрге сай ол Наталья Богданова мен оның бапкері Дастан Қабденовке шапан жапты.
«Мен әлі де әлем чемпионы атанғаныма сенбеймін. Мұны, бәлкім, уақыт өте келе ұғатын шығармын. Бұл белеске мен бапкеріммен бірге көп тер төгіп жеттім. Үйде өте сирек болдым — туыстарымды көре алмадым. Бірақ менің мақсатым айқын еді, оның нәтижесі — алтын медаль», — деп бөлісті әсерімен Наталья Богданова.
