Балаларды қорғау күніне арналған жаппай велошеру Петропавлда 60 жас спортшыны біріктірді

Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Петропавл қаласында жаппай велошеру ұйымдастырылды. 13 пен 16 жас аралығындағы ондаған ұл-қызды біріктірген спорттық іс-шара қалалық мерекелік бағдарламаның бір бөлігіне айналды. Велошеру бағыты Қазақстан Конституциясы көшесі бойымен өтіп, жарыс жолына барлығы 60 велосипедші шықты, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, акцияның басты мақсаты – велоспортты кеңінен насихаттау, өскелең ұрпақтың денсаулығын нығайту және өңірде бұқаралық спортты дамыту. Қазіргі таңда Солтүстік Қазақстан облысында халықтың 44,1 пайызы немесе 227 мыңнан астам адам дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде айналысады.
Мерекелік велошеру туралы әсерімен және алдағы маусымға жоспарларымен спорт шебері Ибраһим Бауржан бөлісті. Ол велосипед спорты секциясында төрт жылдан бері жаттығып келеді.
«Қазір жаз мезгілінде өтетін маңызды жарыстарға белсенді дайындалып жатырмыз. Соның ішінде велоспорттан тас жолдағы Қазақстан чемпионаты бар. Дайындық жоспарға сай жүргізілуде. Спорттағы үлгі тұтатын тұлғам – Александр Винокуров. Оның спорттық жолы бізді әрдайым алға ұмтылуға жігерлендіреді», – деді жас спортшы.
