Ислам Евлоев: «Барлығы енді ғана басталды. Мен әлі неге қабілетті екенімді көрсетемін»

Грек-рим күресі бойынша Қазақстан құрамасы сапында өнер көрсететін Ислам Евлоев Эр-Рияд (Сауд Арабиясы) қаласында өткен Ислам ынтымақтастығы ойындарында екінші орын алды. Финалдан кейін ол үлкен спорттағы жолы енді ғана басталып жатқанын атап өтті, деп хабарлайды QZ NEWS olympic.kz сайтына сілтеме жасап.
«Бұл турнирге өзімді дайындадым. Алтын медаль алу жоспарда болды. Алайда нәтиже бойынша екінші орынға тұрақтадым. Бірақ айта кеткім келеді, бұл әлі соңғысы емес. Барлығы енді ғана басталды. Мен әлі неге қабілетті екенімді көресетемін. Егер жеңілсем, ең алдымен өзімді кінәлаймын. Демек, одан әрі көп еңбек ету қажет. Жарақаттарым болды, оларды емдедім. Сондықтан 100 пайыз дайын болдым деп айта алмаймын. Маусым қиын болды. Бірақ егер әлем чемпионатына жолдама алсам, толық дайын боламын», – деді Евлоев.
Айта кетейік, Ислам 87 кг дейінгі салмақ дәрежесінде финалға шықты. Шешуші кездесуінде оған Иран спортшысы Голамреза Фарохи қарсы тұрды. Қиын додада ирандық 6:0 есебімен жеңіске жетті.
Осылайша, Ислам Евлоев Қазақстанға күміс медаль сыйлады. 2024 жылы Ислам U20 әлем чемпионатын жеңіп алған. Ислам Ынтымақтастық ойындарына алғаш қатысып отыр.
