Петропавлда өткен қоян-қолтық ұрыстан республикалық турнирде Ұлттық ұлан академиясы үздік үштікке енді

Петропавлда халықаралық дәрежедегі спорт шебері, капитан Азамат Нұрпейісовті еске алуға арналған ҚР ІІМ Ұлттық ұланы әскери қызметшілері арасындағы чемпионат аяқталды. Жарыс «Береке» спорт кешенінде өтіп, оған Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген 50-ге жуық спортшы қатысты, деп хабарлайды QZ NEWS.
Ұлттық ұланның баспасөз қызметінің мәліметінше, үш күн бойы жеті команданың өкілдері жеті салмақ дәрежесінде жүлделі орындар үшін сынға түсті. Алғашқы белдесулерден-ақ қатысушылар жоғары дайындық деңгейін, тартысты кездесулер мен шынайы спорттық шеберлікті көрсетті. Биыл бесінші рет ұйымдастырылған турнир тағы да болашағынан үміт күттіретін көптеген спортшыларды танытты. Әсіресе ақтық белдесулер көрермен қызығушылығын тудырып, тартысты әрі ымырасыз күрес жағдайында өтті.

Жалпыкомандалық есепте бірінші орынды «Батыс» өңірлік қолбасшылығы иеленді. Екінші орын Ұлттық ұлан академиясына бұйырса, үшінші орынды «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы еншіледі.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары, генерал-майор Бекайдар Қазкеев, «Орталық» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы, полковник Нұрлан Мұхамедов, сондай-ақ Азамат Нұрпейісовтің әкесі Ерік Қабдуллаұлы және өзге де құрметті қонақтар марапаттады.

Жекелей сында жеңіске жеткен спортшылар енді алдағы Қазақстан кубогына дайындалады.
