Петропавловск
+21°C
Главная страница » Спорт » «Қызылжар» чемпионат көшбасшыларының бірін сенімді түрде жеңді

«Қызылжар» чемпионат көшбасшыларының бірін сенімді түрде жеңді

August 2, 2026 14:00

Қазақстан Премьер-лигасының 20-туры аясында Петропавлдың «Қызылжар» клубы өз алаңында «Ақтөбені» қабылдап, тартысты өткен кездесуде 3:1 есебімен сенімді жеңіске жетті. Бұл жеңіс солтүстікқазақстандық команданың ұпай қорын толықтырып, турнирлік кестедегі орнын нығайтуына мүмкіндік берді, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.

«Қарасай» стадионында өткен матчты павлодарлық бас төреші Айдын Тасыбаев бастаған төрешілер бригадасы басқарды. Екі команданың бапкерлері де алаңға негізгі құрамдарын шығарып, ойын алғашқы минуттардан-ақ жоғары қарқынмен басталды.

«Қызылжар» кездесуге өте белсенді кірісті. Матчтың 2-минутында команда капитаны Евгений Макаренко өз мүмкіндігін мүлт жібермей, есеп ашты. Ерте соғылған голдан кейін петропавлдықтар сақ ойынға көшіп, допқа иелік ету бастамасын қонақтарға берді. «Ақтөбе» біртіндеп қысымды күшейтіп, қауіпті шабуылдар ұйымдастырды. Соның нәтижесінде үзіліске аз уақыт қалғанда Яни Атанасов таразы басын теңестірді.

Екінші таймда ойынның тартысы одан әрі күшейді. 61-минутта Темірлан Ерланов алаңнан қуылып, ақтөбелік команда он ойыншымен қалғанына қарамастан, қонақтар шабуылдарын жалғастырды. Сан басымдығына ие болған алаң иелері ұзақ уақыт бойы шешуші басымдыққа қол жеткізе алмады. Кездесудің тағдыры соңғы он минутта шешілді. Еркебұлан Сейдахметтің қолмен ойнағаны үшін төреші пенальти белгілеп, оны Этьен Бугре дәл орындап, «Қызылжарды» қайтадан алға шығарды.

Матч соңында қонақтар таразы басын теңестіруге тырысқанымен, ойынның аяқталуына аз уақыт қалғанда Лиридон Латифи қарсылас қақпасына үшінші голды соғып, жеңімпаз мәселесіне түпкілікті нүкте қойды. Кездесудің соңғы минуттарында «Ақтөбе» тағы бір ойыншысынан айырылды. Мианге қызыл қағаз алып, алаңнан қуылды.

Қорытынды есеп – 3:1 «Қызылжардың» пайдасына. Жиырма турдан кейін петропавлдық клубтың қоржынында 22 ұпай бар және команда турнирлік кестедегі жағдайын жақсарту жолындағы күресін жалғастырып келеді. Ал жеңіліске қарамастан, «Ақтөбе» 31 ұпаймен төртінші орнын сақтап қалды.

Shares