Солтүстік Қазақстан облысының әкімі: «Жанкүйерлерді «Қызылжар» клубын қолдап, командаға қуат сыйлауға шақырамын! Біз клубымыздың бұрынғы даңқын қайтаруымыз керек»

Петропавл қаласындағы басты спорт аренасы Премьер-лига ойындарын қабылдауға толық дайын. Жаңартылған стадион енді УЕФА стандарттарына сай келеді, бұл Солтүстік Қазақстан жерінде еурокубоктық матчтарды өткізуге мүмкіндік береді. Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов «Қызылжар» футбол клубының жаттықтырушылар құрамымен және ойыншыларымен кездесіп, ағымдағы маусымға қойылған мақсат-міндеттерді талқылады, деп хабарлайды QZ News.
Стадионға жылыту және автоматты суару жүйесі бар заманауи жасанды алаң, жарықтандыру, электронды табло, жайлы трибуналар мен орындықтар орнатылды. Секторлар үстіне жанкүйерлерді жауын-шашыннан қорғайтын жабындар қойылып, орталық бөлікте командалардың алаңға шығатын аймағы қарастырылған.

Футболшылар, төрешілер, қонақ команда мен БАҚ үшін арналған стадион асты бөлмелері стандартқа сай жабдықталған. Бұл өзгерістердің барлығы футболшылар мен жанкүйерлер үшін барынша жайлы жағдай жасауға бағытталған. Жақын арада 15 гектар аумақта футбол академиясының құрылысы басталмақ. Оның құрамында 5 мың көрерменге арналған жабық манеж болады.

Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов «Қызылжар» футбол клубының жаттықтырушылар құрамымен және ойыншыларымен кездесіп, маусымға арналған мақсаттарды ортаға салды.
«Бүгін біздің команда өз алаңында «Ұлытау» клубын қабылдайды. Солтүстікқазақстандық жанкүйерлерді «Қызылжар» командасын қолдап, өз энергияларыңызбен шабыттандыруға шақырамын! Біз клубымыздың бұрынғы даңын қайтарып, стадион трибуналары қайтадан лық толы болғанын қалаймыз. Жеңіске бірге жетеміз!», – деп жазды өңір басшысы әлеуметтік желіде.

