Солтүстікқазақстандық Ербол Хамитов 2026 жылы Италияда өтетін Паралимпиада ойындарында ту ұстап шығатын болады

Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылы Италияда өтетін қысқы Олимпиада және Паралимпиада ойындарында ел намысын қорғайтын ұлттық құрамалардың ту ұстаушыларына Мемлекеттік туды салтанатты түрде табыстау рәсімін өткізді. ҚР Президенті Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын ұлттық құрама мүшелері Денис Никиша мен Аяулым Әмреноваға табыстады. Солтүстік Қазақстан облысы үшін ерекше мақтаныш — Паралимпиада ойындарында туды алып шығу құрметі жерлесіміз Ербол Хамитовқа сеніп тапсырылғаны, деп хабарлайды QZ News.
Мемлекет басшысы қысқы Олимпиада мен Паралимпиада қазақстандық спортшылар үшін үлкен сын әрі бірегей мүмкіндік болатынын атап өтті.

«Олимпиада ойындарына Қазақстаннан шамамен 40 спортшы қатысып, спорттың 10 түрінен сынға түседі. Олардың басым бөлігі үшін бұл — осындай беделді жарыстардағы алғашқы тәжірибе болмақ. Қысқы Олимпиадаға апарар жол оңай болған жоқ. Біздің спортшылар халықаралық ареналарда жоғары нәтижелер көрсетіп, 17 алтын, 31 күміс және 21 қола медаль жеңіп алды. Сондай-ақ Паралимпиада ойындарында ел намысын қорғайтын спортшыларымыздан зор үміт күтеміз. Паралимпиадалық спортшылардың қайсар рухы мен берік жігері баршамызға үлгі. Қазіргі таңда Италияда наурыз айының басында өтетін Паралимпиада ойындарына қатысу үшін 10 лицензия алдық. Бұл көрсеткіштің артуы мүмкін», — деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын ұлттық құрама мүшелері Денис Никиша мен Аяулым Әмреноваға, сондай-ақ Қазақстан паралимпиадалық құрамасының мүшесі Ербол Хамитовқа табыстады. Президент спортшыларымыз көптеген жарыстарда жүлделі орындарға ие болып, еліміздің атын әлемге танытып жүргенін, нағыз жасампаз патриотизмнің үлгісі екенін атап өтті.

«Әрбір азаматымыздың жетістігі — Қазақстанның жетістігі. Әр спортшының абыройы — бүкіл қазақ халқының абыройы. Жеңіске жету үшін мақсаткерлік пен табандылық қажет. Сіздер шеберліктеріңізді шыңдап, аянбай еңбек еттіңіздер. Соның арқасында беделді жарыстарға қатысу мүмкіндігіне ие болдыңыздар. Олимпиада чемпионы атану — әр спортшының арманы. Сіздер бұл мақсатқа бір қадам жақындадыңыздар. Халқымызда «Елдің сенімі — ерге жүк» деген сөз бар. Жаттықтырушыларыңыз бен бақтарыңыз жандарыңыздан табылып, жүлдемен ораласыздар деп сенемін. Барша халқымыз сіздерге жанкүйер болады, сәттілік тілейді. Баршаңызға табыс пен жеңіс тілеймін! Көк Туымыз әрдайым биікте желбірей берсін!» — деді Мемлекет басшысы.
