СҚО-да таяқ тартудан мықты полицейлер анықталды

Петропавлда «Динамо» спорт қоғамының стадионында Солтүстік Қазақстан облысы полиция қызметкерлері арасында таяқ тартудан іріктеу жарыстары өтті. Жарысқа 70-тен астам адам қатысты, деп хабарлайды QZ NEWS.
Жарыстың мақсаты – ең мықтыларды анықтау ғана емес, сонымен қатар ұлттық спорт түрлерін насихаттап, қызметкерлер арасында патриоттық тәрбиеге ықпал ету.

Бес салмақ дәрежесі бойынша өткен турнир қорытындысында жалпыкомандалық бірінші орынды Полиция департаменті аппаратының қызметкерлері иеленді. Екінші және үшінші орындарға Тайыншалық аудандық полиция бөлімі мен Мағжан Жұмабаев ауданының полиция бөлімінің командалары табанды күресте қол жеткізді.

Жеңімпаз атанған бес спортшы құқық қорғау органдарының, күштік және арнайы құрылымдардың қызметкерлері арасындағы республикалық жарыстарда облыс намысын қорғайтын болады.
