СҚО мақтанышы: Надежда Морозова Норвегияда өткен Әлем кубогы кезеңінде күміс жүлде жеңіп алды

Солтүстік Қазақстан облысынан шыққан конькимен жүгіруші Надежда Морозова Норвегияның Хамар қаласында өтіп жатқан Әлем кубогы кезеңінде күміс медаль иеленді. СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов спортшыны айтулы жетістігімен құттықтады, деп хабарлайды QZ NEWS.
Әйелдер арасында 1500 метр қашықтықта өнер көрсеткен Надежда Морозова жоғары деңгейдегі нәтиже көрсетті. Ол жеңімпаз атанған жапониялық спортшыдан небәрі 0,03 секундқа ғана қалып, тұғырдың екінші сатысына көтерілді.
Әлем кубогының бұл кезеңі алдағы қысқы Олимпиада ойындарына іріктеу тұрғысынан маңызды жарыс болып саналады.
«Надежданы мақтан тұтамыз және оған алдағы жарыстарда сенімділік, мықты денсаулық пен жаңа жеңістер тілейміз! Әрбір жарыс олимпиядалық арманға бір қадам жақындата берсін!» – делінген облыс әкімінің құттықтауында.
Надежда Морозова – өңірдің мақтанышы, ол Қазақстанның атын халықаралық аренада абыроймен танытып келеді.
