СҚО спортшысы Нұрғали Тұрсынғазиев қазақ күресінен Азия чемпионы атанды

Түркістан қаласында ондаған елдің мықты балуандарын жинаған қазақ күресінен Азия чемпионаты аяқталды. Қазақстан қоржынына алтын медальды Солтүстік Қазақстан облысының өкілі — Нұрғали Тұрсынғазиев салды, деп хабарлайды QZ NEWS.
СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының мәліметінше, «Қызылжар арландары» клубының спортшысы 66 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, турнир бойы сенімді күрес көрсетті.
Финалға дейін Нұрғали Тұрсынғазиев Ресей, Өзбекстан және Үндістан балуандарын жеңіп, жоғары техникасы мен тактикалық шеберлігін байқатты.
Шешуші белдесу Қырғызстан спортшысымен өтті және өте тартысты да әсерлі болды. Алайда Нұрғали мінез танытып, жеңіске деген жігерін көрсетті. Осылайша ол өз салмағында Азияның ең мықты балуандарының бірі екенін дәлелдеді.
