Петропавл жастарына Каспий теңізінің экологиялық мәселелері туралы фильм көрсетілді

Петропавл қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясында Солтүстік Қазақстан облыстық Жастар ресурстық орталығы мен Волонтерлердің фронт-офисі бірлесіп ұйымдастырған «Балық аулау торларының теңізі» атты деректі фильмнің көрсетілімі өтті. Іс-шара республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында ұйымдастырылып, оған 50-ден астам жас, еріктілер мен белсенділер қатысты, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
Деректі фильм қазіргі уақыттағы өзекті экологиялық мәселелердің бірі – Каспий теңізінің балық аулау торларымен және басқа да антропогендік әсерлермен ластануына арналған. Фильм авторлары табиғи ресурстарды сақтау мәселесін көтеріп, қоршаған ортаның жай-күйіне әрбір адамның жеке жауапкершілігі бар екенін еске салады.
СҚО Жастар ресурстық орталығының жетекшісі Анастасия Волкованың айтуынша, мұндай іс-шаралар экологиялық мәселелерге назар аудартып қана қоймай, жастарды нақты әрекет жасауға ынталандырады.
– Іс-шараның негізгі мақсаты – бейнелеу өнері мен ашық диалог арқылы табиғатқа деген жауапты көзқарасты қалыптастыру. Осындай фильмдер тек ақпарат беріп қана қоймай, нақты іс-әрекетке шабыттандырады деп есептейміз, – деді Анастасия Волкова.
Фильм көрсетілімінен кейін қатысушылар ашық пікірталас форматында әңгімелерін жалғастырды. Жастар өз әсерлерімен бөлісіп, қалдықтарды сұрыптау, пластикті қайта өңдеу, экологиялық волонтерлікке қатысу мүмкіндіктері және өңірдегі табиғи ресурстарды сақтау шаралары туралы сұрақтар қойды. Әсіресе, экологиялық мәселелерді шешуге әрбір адамның қоса алатын үлесіне ерекше назар аударылды.
– Фильмді көргеннен кейін бір мезетте әрі мұңайдым, әрі жігерлендім. Ластану ауқымы шынымен таңғалдырды. Бірақ еріктілермен бірге тазалық жұмыстарына қатысу сияқты шағын қадамдардың өзі біреудің өмірін сақтап қалуға ықпал етуі мүмкін екенін түсіндім. Бұл фильм табиғаттың біздің көмегімізге мұқтаж екенін тағы бір мәрте еске салды, – деді еріктілердің бірі.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай кездесулер жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастырып, қоғамдық бастамаларға деген қызығушылықты арттыруға ықпал етеді.
