СҚО прокуратурасы кәсіпкер мен шенеуніктерді заңсыз қоқыс үйінділері үшін жауапқа тартты

Солтүстік Қазақстан облысының прокуратурасы «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында табиғатты қорғау заңнамасын бұзудың алдын алу бағытында ауқымды жұмыстар жүргізуде. Тексерулер барысында қадағалау органы кәсіпкерлер тарапынан жіберілген өрескел экологиялық заңбұзушылықтарды және жергілікті билік өкілдерінің әрекетсіздігін анықтады, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
Прокуратураның үйлестіруімен аумақтық су инспекциясы жергілікті кәсіпкердің жыра ішінде заңсыз қоқыс үйіндісін ұйымдастырғанын анықтады. Жағдайдың күрделілігі сол — жыраның түбімен Есіл өзеніне тікелей құятын бұлақ ағып жатыр. Су және экологиялық заңнаманы бұзғаны үшін кәсіпкерге 2,6 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды. Қазіргі уақытта аталған аумақ толықтай қоқыстан тазартылды.
«Жауапкершілік жергілікті билік өкілдеріне де жүктелді. Ауыл аумағында экологиялық талаптарды сақтамағаны үшін прокурор қаулысы негізінде ауыл әкімдігі лауазымды тұлғасы Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 324-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, прокурорлар бұл құқық бұзушылықтың дер кезінде жолын кеспеген полиция қызметкерлеріне қатысты тәртіптік іс қозғауға бастамашылық етті.
Ведомствоның ерекше бақылауында саябақтар, скверлер, жаппай демалыс орындары және Есіл өзенінің жағалау сызығы тұр. Тек соңғы екі күннің өзінде қоғамдық орындарды ластағаны және абаттандыру қағидаларын бұзғаны үшін 100-ден астам солтүстікқазақстандық жауапкершілікке тартылды», – делінген хабарламада.
Сондай-ақ өңірде жергілікті атқарушы органдар ұзақ уақыт бойы назар аудармаған 25 бейберекет қоқыс үйіндісі анықталды. Прокурорлық қадағалау актілері негізінде кінәлі шенеуніктер жауапқа тартылып, қазіргі уақытта аталған қоқыс орындарын жою бойынша шаралар қабылдануда.
