Петропавловск
+21°C
Главная страница » Таза Қазақстан » «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында Петропавлда жүздеген тонна қоқыс шығарылды

«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында Петропавлда жүздеген тонна қоқыс шығарылды

July 2, 2026 15:00

Облыс орталығында қаланы абаттандыру және тазалық жұмыстарын жүргізу бойынша атқарылған ауқымды істің аралық қорытындылары шығарылды. Халықпен есептік кездесу барысында қала әкімі Серік Мұхамедиев Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасының орындалу барысы туралы айтты, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.

Қала әкімі бұл ауқымды жобаның негізгі мақсаты – тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру, туған қаласына, өз аулалары мен қоршаған ортаға ұқыпты қарау дағдысын орнықтыру екенін атап өтті. Жыл басынан бері Петропавлда санитарлық тазалау, кешенді абаттандыру және көшелерді көгалдандыру бағытында 100-ге жуық ауқымды іс-шара ұйымдастырылды.

Экологиялық акцияларға мемлекеттік қызметшілер, жергілікті кәсіпорындардың еңбек ұжымдары, шағын және орта бизнес өкілдері, жастар белсенділері, еріктілер және қала тазалығына бейжай қарамайтын тұрғындар қатысты.

«Өз аулаларының, көшелерінің және қоғамдық орындардың тазалығын сақтауға атсалысып жүрген барлық қала тұрғындарына ерекше алғысымды білдіремін», – деді Серік Мұхамедиев.

Қаланың тазалығын бақылаудың маңызды тетіктерінің бірі – петропавлдықтар белсенді пайдаланатын «Таза Қазақстан» арнайы Telegram-боты болды. Жыл басынан бері осы цифрлық платформа арқылы әкімдікке 122 ресми өтініш келіп түскен. Тұрғындар негізінен қоқыстың уақытылы шығарылмауына, көшелерді жарықтандыру мәселелеріне, жол жабындысының жағдайына және аумақтардың санитарлық тазалығына қатысты шағымданған. Қала әкімі барлық өтініштердің мұқият қаралып, коммуналдық қызметтер тарапынан жедел түрде шешімін тапқанын айтты.

Қаланы абаттандыруға арналған дәстүрлі экологиялық үш айлық та өз нәтижесін берді. Осы кезеңде коммуналдық қызметтер мен белсенділер Петропавл көшелері мен полигондарынан шамамен 240 тонна қоқыс шығарды.

«Қаланы санитарлық тазалау жұмыстары тұрақты түрде жалғасады», – деді облыс орталығының әкімі.

Shares